Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлы Ықсанов 1926 жылы Жәнібек ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтын бітірген соң, Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Содан соң өз мамандығы бойынша су құрылысы және техника саласына жұмысқа ауысады. Ол Жетісай құрылыс басқармасының қатардағы қызметкері болып бастап, басқарма бастығы дәрежесіне дейін көтерілді. 1958 жылы Бетпақдала ирригация құрылысы тресінің бастығы қызметіне жіберілді. Мұнда ол өзін су-техникалық және ирригациялық құрылыстар саласының жоғары маманы ретінде көрсете білді. Оның бұл саладағы іс-тәжрибесінің кейін республикамыздың күріш және мақта өсіретін аудандарында еңбек еткен кезінде зор пайдасы болды.
1961-1966 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Ильич аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Оңтүстік Қазақстан өлкелік су шаруашылығы басқармасының бастығы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды.
Қазақстанның оңтүстік аймақтарының экономикасын дамытудағы еңбегі мен іскерлік қабілеті ескеріліп, ол 1966 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Алайда аймақтардың экономикасын дамытуға білгірлікпен басшылық ететін кадрлар қажет болғандықтан, М.Ықсанов 1970 жылы Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне жіберілді. Бір жыл өткеннен соң, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болып, жоғарғы өкімет эшелонына қайтып оралады. 1975 жылдан бастап 11 жыл бойы үздіксіз Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді.
Өзінің туған жері Жайық өңіріне жетіп, оның мәдениеті мен экономикасын дамытуда тікелей өз жауапкершілігін сезінген М.Ықсанов іске белсенділікпен кірісті. Бұл кезеңде облыс орталығы – Орал қаласының бейнесі мүлдем өзгерді. Облыс аумағында одақтық, республикалық маңызы бар құрылыстар салынып іске қосылды. Атап айтқанда, облыс орталығын Ресей қалаларымен жалғастыратын аспалы көпірлер, әуежай, теміржол объектілері салынды.
Орал қаласында әкімшілік, мәдени-әлеуметтік объектілер мен көп қабатты тұрғын үйлер сап түзеген үлкен көшелер дүниеге келді. Сондай-ақ суландыру жүйесі жетілдірілді. Мал шаруашылығын өркендетуде кешенді бағдарламалар жүзеге асырылды. Облыстағы қазіргі ауыл шаруашылығы базасының негізін сол кезде салынған объектілер құрайды.
Мұстақым Біләлұлы республикамыздағы ірі күрделі құрылыстарды, атап айтқанда, Алматы қаласын селден қорғау жүйесін, Алматыдағы “Қазақстан” қонақ үйін, Республика мәдениет сарайын, Қызылорда облысындағы күріш суару құрылыстарын салуға тікелей қатысып, көп еңбек сіңірді. Оның ұзақ жылғы жемісті еңбегі үкімет тарапынан лайықты бағаланып, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Бірнеше дүркін республикалық, одақтық дәрежедегі Кеңестердің депутаты, партия форумдарының делегаты болып сайланды. 1991 жылы дүние салды.

