1801-1845

Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілхайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның баласы. Генерал-майор, Қазан университетінің құрметті мүшесі. Бөкей хан қайтыс болғаннан кейін орданы Шығай сұлтан уақытша, немере інісі Ж. ер жеткенше басқарды. Ж. Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп, еуропаша білім алды, халықты әкімшілік тұрғыдан басқару әдіс-тәсілдерін үйренді. 1823 жылдан бастап билік хан тағының занды мұрагері Жәңгірдің қолына көшті. Ол басқарған 22 жылда біршама реформа жүзеге асты. Жасқұста сәулетті астана — Хан ордасын салдырды. Еуропалық өркениет жетістігін қазақ тұрмысына дарытуды ойлады. Әсіресе мектеп ашу, жастарды гимназияда, кадет корпусында оқытуға көп көңіл бөліп, үлгі ретінде өз балаларын оқуға жастай аттандырды. Қазан университетінің профессорлары — ректоры К.Фукспен, шығыстанушы ғалым А.Казембекпен жақын танысты. Араб, парсы, неміс, орыс тілдерін жақсы меңгерді, көркем әдебиетгі, мерзімді баспасөзді тұрақты оқыды, танымдық басылымдар мен шығыстың көне кітаптарын жинады. Қазақ шежіресін жазуға ниет еткен, соңына ғұмырбаяндық туынды жазып қалдырды. Ордада 2 мешіт, дөрігерлік бөлімше, дәріхана, тұрақты жәрмеңке аштырды. Өз сарайының да салтанатын келістіріп, мазмұнды кітапхана ұстады, қару-жарақ бөлмесін жарақтады. Ресейдің әкімшілік басқару жүйесін билер кеңесі мен ру басыларына сүйенген дәстүрлі билікпен ұштастырды. Орда жерінің шебі үшін Орал казачествосымен қырғи-қабақ болды. 1836-37 ж. Исатай Тайманұлы пен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс кезінде халық екіге бөлінді. Ел іші тыныштығын ойлаған хан көтерілісті күшпен басуға мәжбүр болды. Әрі оған бағынышты емес орыс әскері жазалаушылық қимылдарьш ханның ырқынсыз жүргізді. Оның іс-әрекетін Махамбет ақын өз жырларында аямай мінеді. Жәңгір хан 1845 ж. 11 тамызда кешкі сағат 6.30-да Тарғын өзені бойындағы жазғы қалашығында дүние салды. Тарих ғылымында, әдебиет пен өнер туындыларында Жәңгірдің саясаты сатқындық, ұлт-азаттық қозғалысты түншықтыру әрекеті ретіңде біржақты көрініс тапты. Ол қайтыс болғаннан кейін Ішкі ордада хандық билікті жою мақсатында Жәңгір атына әдейі телінген отаршылдық пиғыл Кеңес өкіметі тұсында таптық идея үшін ұтымды пайдаланылды. Алайда оның реформаторлығын теріске шығаруға болмайды. Тәуелсіздік жылдарында Жәңгір ханға кесене орнатылды. Ол ашқан мектептің 150 жыддығы, Бөкей ордасының 200 жылдығы аталып өтті. Жәңгірдің жеке басының қасиеттері мен игі бастамалары туралы архив құжаттарына, өз тұсындағы басылымдар деректеріне ден қойылды.