
Ресей ақыны, классикалық орыс әдебиетінің негізін қалаушы Пушкин Александр Сергеевич 1799 жылы Мәскеуде дүниеге келген. Пушкиннің шығармалары бір жарым ғасырға созылған орыстың ұлттық әдебиетінің қалыптасу кезеңін аяқтады. Ол дворян отбасында туылып, балалық шағын Мәскеуде өткізген. 12 жасынан лицейде оқып, ақындық шеберлігін шыңдай түсті. Лицейді аяқтаған соң Петербургке қоныс аударып, әдеби-қоғамдық өмірге белсене араласты. Осы жылдары «Еркіндік», «Чаадаевқа», «Деревня» секілді өлеңдерін, «Руслан мен Людмила» атты тұңғыш поэмасын жазды. 1820 жылы «еркін өлеңдері» үшін қуғын көріп, Екатеринослав, Кишинев өлкелеріне жер аударылды. Оңтүстікте жүргенде жазылған «Кавказ тұтқыны» атты поэмасында ақын 19 ғасыр жастарының бейнесін сомдайды. Пушкин «Ағайынды қарақшылар», «Бақшасарай фонтаны», «Сығандар» туындыларында романтизмнің төңкерісшіл, еркіндік идеясына толы жаға типін жасады. Кишинев, Одессадан кейін патшалық Ресей Пушкинді әдеби-мәдени ортадан алыс жатқан Михайловское селосына жер аударды. Бұл тұста қаламгер өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романы мен «Граф Нулин», т. б. көптеген өлеңдер мен сын мақалаларын, «Борис Годунов» тарихи трагедиясын жазды. Ол халқының тұрмыс-тіршілігіне, халықтық сөз қорына дендей енген Пушкин шығармалары енді көркемдік-реалистік арнаға бет бұрды. Бұл «Евгений Онегин» романындағы өмір шындығы мен жеке образдарды типтендіру тәсілінен айқын байқалды.
Қазақ даласында Пушкин мұрасына алғаш айрықша көңіл аударып, қазақ халқына танытқандар қатарында Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнан баев, т. б болды. Абай «Евгений Онегин» шығармасының үзінділерін қазақ тіліне аударды, «Татьянаның хаты» Абай әнімен қазақ өңіріне кең тарады. «Капитан қызы» 1903 жылы қазақ тілінде басылып шықты. І. Жансүгіров, Қ. Аманжолов, Т. Жароков, Ә. Тәжібаев, Қ. Тоғызақов, Х. Бекхожин, С. Мәуленов, Қ. Шаңғытбаев, т. б қаламгерлер Пушкин тіліне аударды.

