1801 ж.
XIX ғас. басында Орал мен Волга аралығында Россия империясының вассалы — Бөкей хандығы құрылды (1801-76). Хандық сұлтан Бөкей Нұралыұлының есімімен аталды. Егер құрылған шағында хандықта Кіші жүзден шыққан 5 мың семья болса, XIX ғ. 50-жылдарында Бөкей ордасында 300 мың адам тұрды (50 мың семья).
Бөкей хандығында хан билігі институты, екі ханның — Бөкей хан мен оның баласы Жәңгір ханның басқару кезеңін қосқанда, 45 жылға созылды. Соңғысы өлгеннен кейін хан билігі қысқартылып, басқару патша үкіметінің қолшоқпары— уақытша Кеңеске өтті. Ішкі Орданы қадағалауды Орынбор әскери губернаторы және Россия империясының Сыртқы істер министрлігі іске асырды.
Бөкей хандығы Россия үшін мал, ет, жүнмен жабдықтаушы болды. Хандықта ақша-тауар қатынасының дамуы, олардың қазақ ауылдарына сіңісуі қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымының өзгеруіне және рулық-қауымдық шаруашылықтың калдықтарын жоюға ықпал етті. Тауарды жергілікті халыққа малға ауыстыру және сатудың баламалы емес формасы Ордада халықты қанаудың күшеюіне және әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуіне әкеліп соқты.
Бөкей хандығының “Россияның ішкі жағына” орналасуына байланысты дамуы Россияның экономикасы және мәдениетінің ықпал етуінің артуымен қатысты болды. Бұл процесс, Казақстанның басқа жерлерінен гөрі, осы аймақта белсенді жүрді. Россияның ықпалы хандықтың саяси ұйымдастырылуынан да көрінді: Ордада басқару формасы “ағартушылық” монархия тұрғысында бекітілді. Арнайы билік аппараты құрылды (уақытша Кеңес), орталықта және жергілікті жерлерде жазбаша іс жүргізу енгізілді. Сонымен бірге, хан қазынасының пайдасына халыққа салық салудың қатал жүйесі іске асырылды.
Бөкей хандығының тарихында Жәңгір ханның билік еткен уақыт кезеңі анағұрлым елеулі із қалдырды (1824-45). 1841 ж. Казақстан тарихында алғаш рет Нарынқұмда балаларды екі тілде — қазақ және орыс тілінде оқытатын ұлттық азаматтық мектеп құрылды.
1844 ж. қазақ жастарының Россияның жоғары оқу орындарында оқуы үшін вакансиялық орындар алынды. Осы уақытта көшпелі және жартылай көшпелі қазақ халқына қызмет ететін дәріхана жөне емдеу орны, өте сирек кездесетін экспонаттары бар қару-жарақ музейі ашылды.
Бекей хандығынан шыққан көрнекті композиторлар Қүрманғазы мен Дәулеткерей Қазақстанның мәдениеті мен қоғамдық ойының тарихында орасан зор рөл атқарды.

