Күнбатыс Алаш-орда, Батыс Алашорда — 20 ғ. басында Батыс Қазақстан аймағында орнаған ұлттық-мемлекеттік пішімдегі автономиялык құрылым. 1918 ж. қыркүйекте Уфа Директориясын құру мәжілісіне Алашорда үкіметі тарапынан 12 делегат қатысты. Олар 11-қыркүйекте автономиялық үкімет төрағасы Ә.Бөкейхановтың және Халел, Жанша Досмұхамедовтер (Орал), Бақтыгерей Құлманов, Уәлитхан Танашев (Бөкей ордасы), Сағындық Досжанов (Орынбор), Есенғали Тұрмұхамедов, Бижан Жанқадамов (Ақтөбе), сондай-ақ Ахмет Бірімжанов (Торғай), Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тынышпаев (Жетісу) сияқты үкімет мүшелерінің қатысуымен төтенше мәжіліс өткізді. Мәжілісте Алаш автономиясының жергілікті басқару жүйесі туралы мәселені талқылап, бұрынғы «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметін тарату, оның орнына алашорданың батыс бөлімін құру туралы шешім шығарды. Ол ресми түрде «Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше» деп аталды. Оның төрағалығына Ж.Досмұхамедов сайланды. Алашорда батыс бөлімінің әкімшілік құзыретіне бұрынғы «Ойыл уәлаятының» жеріне қоса Бөкей ордасының, Ақтөбе, Ырғыз уездерінің (Торғай обл.) және Маңғыстау уезінің (Закаспий обл.) аумағы кірді. Яғни Уфа мәжілісінің шешімінен кейін бұрын «обл. қазақ комитеті», «Ойыл уәлаяты» аталған Күнбатыс Алашорданың жер аумағы 2 есе өсіп, тұрғын халқының жалпы саны 1,5 млн адамға жетті. Осы кезенді зерттеуші кейбір тарихшылар Досмұхамедовтер ұйымдастырған «халық милициясының» құрамын ғана есепке алып, «Батыс Алашорда үкіметінің 2 мындай әскері болды» деген пікірге ғана табан тіреп келді. Шын мәнінде, сол кезде Бөкей ордасының Жаңақала, Казталов аудандары маңында Б.Құлманов басқарған үлгілі қазақ кавалерия бригадасы, Жайықтың оң жақ бетінде — Теңіз округі жерінде, сондай-ақ Жылой, Рәкөш маңында Әубәкіров, Меңдіқұлов, Мұқан Көздекенов басқарған, Кетік (Форт – Александровск) қаласында Қадырбай Есмағамбетов, Әбуғали, Тәжіғали Таңқыбаев басқарған алашордашыл жасақтар құрылған. Сондай-ақ алаш қозғалысына Маңғыстау өңірінде Тобанияз тобы да тілекші болып, әскери қолдау көрсеткен. Тіпті, қазақ ауылдарын «ақ» пен «қызыл» атанған әскерилердің талап-тонауынан қорғап қалу үшін атқа қонып, Нарын құмында белсенді іс-кимылымен аты шыққан әнші-композитор Өтеғали Арыстановтың жасақтары да алаш сарбаздарымен мұраттас-мұғдалас қарулы топтар еді. Алашорда батыс бөлімінің жетекшілері, кейбір тарихшылар тұжырымдағандай, «сепаратистік пиғылды» – Орталық Алашорда үкіметінен бөлінуді де немесе шексіз билікке жетіп, бүкілқазақстандық өкімет тұтқасын иеленуді де көздеген емес. Бұл — 1917 ж. 5 желтоқсанда Орынборда өткен 2-Жалпықазақ съезі қаулысының 1-тармағына сәйкес құрылған «ұлттық-жерлік автономия» ғана. Бұған қоса, Орталық Алашорда үкіметінің Уфадағы аталмыш мәжілісінің шешімінде өлкедегі соғыс жағдайының ұшығып, жол қатынасының нашарлап кетуіне байланысты жергілікті басқаруды оперативті түрде қамтамасыз ету үшін автономияның Батыс бөлімін құру қажеттігіне айрықша мән берілген. Сонымен қатар Алашорданың батыс бөлімі Батыс Қазақстан аймағын Орталық Алашорда үкіметінен түсетін маңызды өрі принципті нұсқаулар негізінде басқаратындығы, сондай-ақ төтенше жағдайларға киліккен не Орталық Алашордамен арадағы байланыс үзілген жағдайда оның үкімет құқыларын иеленетіндігі де атап көрсетілген.(А.Б.б-нің құрылған кезі Жайық өңірінде Азамат соғысының асқынып, өлке тағдыры қолдан қолға өтіп тұрған кезең еді. Осы аласапыран шақта жан-жақты келіссөздер жүргізіп, әр алуан мәмілелер жасасу арқылы большевизмге қарсы күресуші ақтар үкіметінің келешекте орыс емес «ұлттарға еш нәрсе бермейтіні былай тұрсын, тіпті олар езілген халықтардың әділетке сай құқыларға … ие болуына қарсы шығатындықтарына» көздері жетті. Өзін «бүкіл ресей монархы» жариялаған адмирал Колчактың да, Деникиннің де уәдесінен көңілі суыған татар, башқұрт қайраткерлері (Зәки Валиди Тоған, т. б.) тәрізді қазақ халқының зиялылары да ұлттық тәуелсіздікке жетудің соңғы үмітіне балап, тендік ұранын көтерген большевиктер жағына шыға бастады. Солардың бірі — қазақ халқының көрнекті қоғам қайраткері, саяси жетекшісі А.Байтұрсынов 1919 ж. 10 шілдеде В.И.Ленин басшылығымен құрылған «Қазақ өлкесін басқаратын әскери ревком» төрағасының орынбасары болғаннан кейін «Жизнь национальностей» газетінде (1919, 3-тамыз) «Революция жөне қазақтар» атты мақала жариялады. Онда Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі жетекшілерінің саяси көзқарас ерекшеліктерін түсіндіре келіп, «Алашордашылардың торғайлық тобының делегаты ретінде Орталық Кеңестік Ресейге келіссөз жүргізуге келген мен … «Ресей халықтарының құқылары Декларациясына» сәйкес қазақ мәселесіне ықыласпен зер салғандығының куәсі болдым. Колчак билігінен Кеңес өкіметін артығырақ көруіміз қате еместігін өз жолдастарыма … айтып, оларды тыныштандырғым келді» дейді. Шынында да, Байтұрсынов Жайық өңірінде елеулі ықпал бар саяси-әскери күшке айнала тұра, екі оттың — елдегі монархиялық билікке қол жеткізу үшін уақытша одақтас тұтқан, бірақ аз ұлттар келешегіне шовинистік-империялық үстемдік тұрғысынан қарайтын «ақтар» мен әлеуметтік-саяси тұтас организм — дәстүрлі қазақ қоғамын тапқа, жікке бөлу арқылы бағындыруды көксеген «қызылдардың» ортасында қалған Күнбатыс Алашорда жетекшілерін, олардың соңына ерген қалың бұқараны нақақ қантөгістен, қарулы қақтығыстардан аман алып қалу үшін жұмыстанды. 1919 ж. 30 наурыз – 13 желтоқсан аралығында Орал облыстық ревкомы ұлт істері жөніндегі бөлім қызметкері Қ.Тәтібаев та осы мақсатпен Досмұхамедовтердің ставкасына бірнеше рет келеді. Бұл кезде Қызыл Армия Шығыс майданда жеңіліске ұшырап, уақытша шегініп бара жатқан еді. Сондықтан да шығар, Жанша мен Халел бастаған топ обләскери ревкомның (Б.Қаратаевтың) хатына да, Мәскеуден келген телеграммаға да екіұшты жауап беріп, большевиктер жағына шығу туралы шешім қабылдауды «қолайлы жағдайлар туғанға дейін» кідірте түрады. 1919 ж. 27 қазанда Қазәсревкомның кеңейтілген мәжілісінде Байтұрсыновтың табанды ұсынысымен «қазақ халқын біріктіру» және Кеңес өкіметі жағына шыққан жағдайда, Қызыл Армияға қарсы күресіп жатқан Алашорданың батыс бөліміне кешірім жасау мәселесі қаралды. Осыған орай Түркістан майданының саяси бөлімі Күнбатыс Алашорда әскерлерінің арасында «Кеңес өкіметіне сенімсіздік жойылсын» деген үндеу парақшаларын таратып, Кеңес өкіметін толық мойындап, Қызыл Армияға көмек көрсеткеңдерге толық кешірім жасалатыңдығын хабарлады. Бірақ, Азамат соғысында басымдыққа жетіп, өздерін жаңа дүниені қожасы сезіне бастаған Кеңес өкіметінің өкілдері енді Алашорданың батыс бөлімінің жетекшілерін менсінгісі келмеді. Тіпті, С.Меңдешов басқарған Қазревком комиссиясы «Алашорданың батыс бөлімінің Кеңес жағына шығуы осы өкімет идеясын жақтағаңдықтан емес, керісінше бұрынғы одақтасы — Орал казак-орыстарының түзелмейтін жағдайға тап болғандығынан және Орал облысынан қашып кету мүмкіндігі қалмағандығынан» деген ұйғарым жасады. 1919 ж. қарашада Жымпиты қ-нда өткен жиында Жанша ел ішіндегі саяси ахуалға талдау жасай келе, Күнбатыс Алашорданың орталығын Ойылға көшіру жөнінде шешім қабылдады. Сол арқылы Күнбатыс Алашорда жетекшілері Орал облысында орныққан Кеңес өкіметінің ықпалынан алыстап, дербес билік тұтқаларын сақтап қалуға үміттенді. Әуелі Ойыл қаласына, кейін Қызылқоғаға ту тіккеннен кейін өздерінің үзілді-кесілді берілуін талап еткен большевиктер үкіметінің талабына бірден келісе қоймай, тең құқылы қарым-қатынас орнатуға талпынды. Өздерінің халық сайлаған заңды үкімет екендіктерін алға тартып, Қызылқоғаға бекінген ақ гвардияшылардың бөлімшелерін бірлесе талқандау жоспарын ұсынды. 1919 ж. 27 желтоқсанда Күнбатыс Алашорда әскерлері Қызылқоғаның «Райгородок» ауданына орналасқан Елек корпусының штабын басып алды. Ген. Акутин бастаған ақ офицерлерді 500 казак-орыс сарбазымен қоса тұтқындап, қару-жарақтарын олжалады. Екі күн бойы оларды құтқармақ болған казак-орыс әскерлерімен шайқасады. Қызылқоғаға кешігіп жеткен Қызыл Армия бөлімдері ақтардан олжалаған қару-жа-рақтарды, мүліктерді иеленіп, А.Б. б. мен әскери бөлімін таратуға кірісті. 1920 ж. 12 қаңтарда 1-Қызыл Армия ревкомының уәкілі Наумов, Қазәсревком уәкілі Бегімбетов, Күнбатыс Алашорда бөлімінің төрағасы Жанша дала жұртын Кеңес өкіметі тәртібіне бағынуға шақырды. Бірақ, саяси мәдениеті төмен Кеңес өкіметі өкілдерінің (мыс, Фрунзе) астамшылығының кесірінен алашордашыл қайраткерлерге кешірім беру мәселесі бірнеше айға созылды. Ақыры, ұзақ дау-дамайдан соң Қазәсревкомның 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысына сәйкес Алашорда батыс бөлімі таратылып, оның белсенді басшылары — Жанша мен Халел, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов, Беркінғали Атшыбаев «халықтан оқшауландыру» мақсатымен Ресейдің орталық губернияларына жер аударылды.

Әдебиеттер:

Нұрпейісов К., Алаш һәм Алашорда, А., 1995;

Ақбаев Ж., Жанша, Орал, 1994;

Сүйінов С, Бөкей ордасы, А., 2000;

Қойгелдиев М., Алаш қозғалысы, А., 1995;

Ахмедов Ғ., Алаш «Алаш» болғанда, А., 1996;

Халел Досмүхамедұлы, Таңдамалы — Избранное, А., 1998.