Орал қаласының Курени деп аталатын көне бөлігінде орналасқан ең көне ғимарат- Михайл-Арханегль соборы. Бұрынғы кездері оның орнында ескі ағаш үйлер мен ағаш шіркеу болған, алайда олар қаланы өрт жайлағанда жанып кеткен.

Осындай бір өрттен кейін казактар келесі шіркеу үйін тастан қалауға шешім шығарады. Шіркеудің құрылысы 1740 жылы басталып, оны шырақтау рәсімі 1751 жылы өткен. Соборды Мәскеуден келген шебер Псков-Новогородтық архитектура әдібімен салған және орал казактарының жебеушісі Михайл Архангель атымен аталады. Осы атауға сәйкес осы шіркеу орналасқан қаланың бас көшесі Үлкен Михайл көшесі деп аталған. Шіркеу қабырғасында Орал қаласына тоқтаған біраз атақты адамдар болған. Солардың бірі орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин. Ақынды қаланың осы бөлігі қатты қызықтырған, өйткені тарихи деректер мен құжаттарға қарағанда нақ осы арада Е. Пугачевтің көтерілісі болған. Әсіресе осы аймақта орналасқан Михаил Архангель соборы ұлы ақынды аса қызықтырған. Ұлы ақын экипажынан түсіп осы соборды үнсіз аралаған. Іргесы 1740-51 жылдары қаланған Михаил Архангель соборы 1773-1775 жылдары Е.И. Пугачев көтерілісшілерінің бекінісі болған. Көтерілісшілер осы үйде 108 күндей тұрған. Тап осы кездері собор ғимараты бүліншілікке ұшыраған. Собордың қасында қоңырау орналасқан 4 қабатты мұнара бар. Бұл мұнара 1861 жылы тұрғызылған. Қазіргі таңда «Ескі собор» атауын алған бұл ғимарат ХҮІІІ-ХІХ ғасыр тарихынан қалған үнсіз мұра. 1930 жылдары діни сенімге қудалау болғанда бұл ғимарат қойма болған, кейін 1943 жылы собор дін өкілдеріне қайтарылып, 1961 жылға дейін жұмыс жасады. 1961 жылы діни қудалау кезінде собор қайтадан жабылып, ғимарат өлкетану мұражайы болды. Тек 1988 жылдан бері ғана ғимарат шіркеу қызметіне ауысты. ХҮІІІ ғасырдың архитектуралық ескерткіші болып саналатын бұл ғимарат мемлекеттің бақылауында.