Ахмедияр Хұсайынов – Бөкей ордасы ауданынан шыққан Кеңес Одағы Батырының бірі. Ахмедияр Дәуленұлы 1924 жылы 10 мамырда (кейбір деректерде 8 мамырда) Орда ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Дәулен Мырзабек пен анасы Рысқаным қарапайым шаруа адамдары еді. Отбасында 12 бала болғандықтан, Ахмедиярды балалары жоқ апа-жездесі асырап алады. Сондықтан тегі Хұсайынов болып өзгертілген. А. Хұсайынов 1942 жылы Орданың М. Горький атындағы мектебін (қазір Жәңгір хан атындағы мектеп) бітіріп, сол жылы жазда әскерге шақыру қағазы келеді. Ленин атындағы колхоздың Сартөлген деген жерінен аттанарда әкесі Дәулен: «Ез болма, балам, ер бол! Өлтіре соқ итаршы жауды!» деп ұлын рухтандырып, өрімдей 38 жаспен бірге шығарып салады. Ахмедиярдың жорық жолы Бөкей ордасына іргелес жатқан Астраханнан басталып, қалмақ қыры арқылы Ростов бағытына қарай созылады.

Сталинград шайқасы кезінде Жәнібек, Орда аудандары соғыс жағдайында деп жарияланған болатын. Орда ауданын жау ұшақтары бомбалағанын естігенде, Ахмедияр Хұсайынов 1943 жылдың қыркүйегінде алғы шептен елдегілерге:

«Зұлым жау Хан Орданы бомбалапты, деген сөз естілгенде, жанға батты. Берлинді талқандаймыз есесіне, Ата-ана, күтіңіздер сол сағатты», деп хат жолдаған.
Көп ұзамай рота командирі, капитан Н. И. Садовников елгезек жауынгер А. Хұсайыновты өзіне байланысшы етіп алды.

1943 жылдың 26 қыркүйегінде әйгілі Мелитополь операциясы басталды, оның маңызы ерекше еді. Өйткені Мелитопольді Қырымға кіреберістегі және Днепрдің төменгі ағысындағы темір қақпа ретінде санаған гитлершілдер қаланы қайткенде де бермеуге жанталасты.

Сержанттар М. Афанасьев пен Л. Фомичев оқ атып, жауды өздеріне қарай алаңдатып тұрған сәтте Ахмедияр лып етіп жүгіре жөнелді. Біресе ордың ішімен жүгірді, біресе еңбектеп алға жылжыды. Әйтеуір жетті. Екпінді топта жалғыз сержант Н.Шашкин ғана аман қалған екен, үш жауынгер жаралы. Командир бұйрығын жеткізгеннен кейін, Николай оған: «Ал, досым, не көрсек те, бір көреміз!» деді. Сәлден кейін-ақ фашистер кезекті шабуылға шықты. Ержүрек екі дос оқты жаңбырша жаудырып, жауды баудай жусатты. Екі-үш сағаттан кейін тағы да – шабуыл, тағы да – тойтарыс. Күн кешкірді. Гитлершілдер ызаланып ентелей түскенімен, қайта кері шегінді. Осы сәтті пайдаланып, сержант жаралы үш жауынгерді демеп алып шықты да, Ахмедияр жалғыз қалды. Сәлден кейін алапат соққыдан теңселіп кеткен ол тез есін жиып, жақындаған жауға гранаталарды бірінің соңынан бірін лақтырып, ордан атылып шықты. Ет қызуымен байқамаған екен. Кішігірім өзеннен өткенде, аяғы ауырғандай болды. Қараса, оқ өкшеден тиіпті де, бәтеңкесі бауына ғана ілініп келе жатыр екен. Бұдан кейін ауыр жараланған А. Хұсайыновты сержанттар Н. Шашкин мен М. Афанасьев санитарлық бөлімге шығарып салды.

Әуелі қалалық госпитальда ота жасатқан Ахмедияр сосын Душанбе қаласында емделді. Осында 4-Украина майданының қолбасшысы Ф. И. Толбухиннен құттықтау жеделхат алып, өзінің КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 1 қарашадағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғанын білді. Н. Т. Шашкиннен хат алып, досының да осындай жоғары атаққа қол жеткізгеніне қатты қуанды. Кейін КСРО Қарулы күштерінде қызмет етіп, полковник шеніне дейін жетіп, Ленинград қаласында тұрған Н.Шашкинмен өмірінің соңына дейін байланысын үзген жоқ.

1944 жылдың көктемінде Батыр болып, елге оралғанда, алдынан қайғы күтіп тұрды. Сол жылғы қыста әкесі, бұрынғы колхозшы Дәулен Магнитогорск металлургия зауытында жұмыс жасап жүрген кезінде науқастанып, қайтыс болыпты. Анасы Рысқаным ұлының аман келгеніне шүкірлік етті.

Көп ұзамай А. Хұсайынов Алматыға, алты айлық партиялық курсқа жолдама алды. Бұдан кейін ҚазПИ-дің тарих факультетін 1949 жылы бітірген ол Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясы тарих, археология, этнография институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс жасады. Әйтсе де соғыс салған жарақат мазалап, 1956 жылы Фурманов (Жалпақтал) ауданындағы Жұлдыз орта мектебіне директор болып келді. 1958-1972 жылдары майдангер аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, содан кейін үш жыл аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары ретінде жемісті еңбек етті. «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атанып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасы, орден, медальдармен марапатталды. Зайыбы, қазір Жалпақтал ауылында тұратын Вера Нәжімқызы екеуі алты ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Соғыстан алған ауыр жарақаттың салдарынан қайран ер 1986 жылы 5 мамырда, Жеңіс күні қарсаңында көз жұмды.

1990 жылы 14 ақпанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №57 бұйрығымен Бөкей ордасы ауданындағы Мұратсай орта мектебіне А.Хұсайыновтың есімі берілді. Сондай-ақ өзі басшылық еткен Жұлдыз мектебі, Орал қаласындағы, Сайқын, Мұратсай, Жалпақтал ауылдарындағы бір-бір көше Батыр есімімен аталады.

Әдебиеттер тiзiмi

1944 жыл
1.Хайрушев М. Жас батыр // Екпінді құрылыс.-1944.-24 қыркүйек.

1956 жыл
2.Хұсайынов А. Партияға рахмет // Лениншіл жас.-1956.-22 ақпан.

1965 жыл
3.Тұяқов Ж. Алтын жұлдызды жігіт: Хұсайынов Ахмедиярдың майдандағы ерлігі және бейбіт еңбектегі қызметі жайында // Орал өңірі.-1965.-7 сәуір.

1969 жыл
4.Хұсайынов Ахмедияр: өмірдерек // Совет Одағының қазақстандық Батырлары.-Алматы: Қазақстан, 1969.-Т.2.-355-356 б.

1975 жыл
5.Жантикин М. Ордадан шыққан батыр // Қазақстан мұғалімі.-1975.-20 сәуір.
6.Сдықов Н. Абзал азамат // Орал өңірі.-1975.-7 наурыз.
7.Сыдықов И. Арпалыс: Совет Одағының Батыры А. Хұсайынов жайлы // Социалистік Қазақстан.-1975.-20 сәуір.

1978 жыл
8.Мұқанов С. Батыр майданда шынығады // Лениншіл жас.-1978.-22 маусым.
9.Хұсайынов Ахмедияр: өмірдерек // Қазақ Совет энциклопедиясы.-Алматы, 1978.-62 б.

1981 жыл
10.Мұқанов С. Алтын жұлдызды жігіт // Орал өңірі.-1981.-9 қаңтар.

1984 жыл
11.Сыдықов Н. Ерлік есте сақталады // Орал өңірі.-1984.-24 қазан.

1985 жыл
12.Сейтақов Ғ. Жұлдызы биік жауынгер // Орал өңірі.-1985.-23 наурыз.

1992 жыл
13.Қадыров Б. Асыл азамат, ер тұлға // Орал өңірі.-1992.-12 қыркүйек.

1994 жыл
14.Ақбаев Ж. Елі ардақтаған ер еді: Ақмедияр Құсайынов туралы // Орал өңірі.-1994.-5 мамыр.

1999 жыл
15.Жәрдемұлы С. Өр мінезі ер тұлға // Орал өңірі.-1999.-28 сәуір.

2003 жыл
16.Сариева Ұ. Ахмедияр Хұсайынов // Жайық ардагері.-2003.-9 желтоқсан.

2004 жыл
17.Ахмедияр Хұсайынов: Ұлы Отан соғысының батыры // Жайық ардагері.- 2004.-21 қазан.
18.Бергенов Э. Батырды батыр деу керек // Жайық ардагері.-2004.-29 сәуір.
19.Хабиева Г. Батырдың жары // Жайық арулары.-2004.-8 сәуір.

2005 жыл
20.Әбілхалықов С. Ауылдан басталған турнир республикалық дәрежеге жетті: Тәуелсіздік күні мерекесінде өткен Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Құсайыновты еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир // Орал өңірі.-2005.-24 желтоқсан.-4б.
21.Сариева Ұ. Батырдың қарындасы // Жайық арулары.-2005.-27 қаңтар; Жайық ұстазы.-2005.-22 наурыз.

2010 жыл
22.Хұсайынов Ахмедияр: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-Алматы: Арыс, 2010.-517 б.
23.Хұсайынов Ахмедияр: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-Алматы: Өнер, 2010.-252-253 б.

2012 жыл
24.Қобланов Н. «Алтын жұлдызды» ағама!: Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Құсайыновқа арнау өлең // Жайық үні.-2012.-4 мамыр.-21 б.

2013 жыл
25.Ихсанғали С. Осы жұрт Ахмедиярды біле ме екен?!: Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Құсайынов туралы // Орал өңірі.-2013.-2 қараша.-8 б.\

2014 жыл
26.Орданың оғланы батыр Ахмедияр Құсайыновтың туғанына 90 жыл // Орда жұлдызы.-2014.-9 мамыр.-4 б.