«Ән мен жырдың ақбұлағы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті
«Ән мен жырдың ақбұлағы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті
16 сәуір күні кітап апталығы аясында дарынды талант иесі, ақын, драматург, сазгер Бәкір Төлеуұлы Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ән мен жырдың ақбұлағы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кештің басты мақсаты – Бәкір Тәжібаевтың шығармашылық мұрасына жастардың назарын аудару, ақынның өмір жолымен кеңінен таныстыру, ұлы тұлғалардың өнегелі өмірі мен шығармашылығын дәріптеу, сондай-ақ өлеңдері мен әндері арқылы өскелең ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани-адамгершілікке баулу болды.
Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаяндар көрсетіліп, «Туған жер», «Ақбұлақ», «Гүлсің-ау», «Әлия», «Әдем-ау» әндері шырқалды. Құрманғазы атындағы саз колледжінің оқытушысы Аманчиев Мұрат пен студенттер Даинова Айнат, Зинат Нұрдана және М. Өтемісов атындағы БҚУ студенті Менеева Әсел ақын әндерін жоғары деңгейде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар «Бәкір Тәжібаев – лирик ақын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар назарына ақынның мол мұрасы ұсынылды.
Аталған шараға М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі, Орал гуманитарлық-техникалық колледжі және Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері қатысып, рухани кештен ерекше әсер алды.









Пікір үстеу