Қасым Шабанұлы Ахмиров 1923 жылы Саратов облысының Дергачев ауданы, Алтата селосында дүниеге келген. 1937 жылы ата-анасымен бірге Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының «Краснов» кеңшарына көшіп келеді. Кеңшарда есепші, май құюшы, тракторшы болып еңбек етеді.

1941 жылдың қыркүйегінде Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, 1942 жылдың шілде айынан бастап әскер қатарында болады. Кіші лейтенанттар даярлайтын арнайы курсты бітіргеннен кейін Воронеж, Орталық май¬дандардағы ұрыстарға қатысады.

1943 жылы күзде Орталық майданның әскерлері Гомель және Киев бағытында шабуылға кірісті. Марков, Урусов, Колопеж деревнялары үшін болған ұрыстарда Ахмиров¬тың взводы жауды өкшелей қуып, елді мекендерге алғашқылардың бірі болып басып кірді. 383-атқыштар полкінің 4-ротасының (121-Рыльск атқыштар дивизиясы, 60-армия) взвод командирі, кіші лейтенант Қасым Ахмиров Конотоп қаласының шы¬ғыс жағында болған ұрыстарда айрықша көзге түсті. 4 қазан күні оның взводы жауып тұрған оққа қарамастан қарағайларды, бөшкелерді, бөренелерді қалқыма құрал ретінде пайдаланып, Сейм өзенінен қас-қағымда өте шығады. Сол бойда Чумаков хуторына басып кіріп, ондағы жаудың атыс ұяларын гранаталармен құртып, 85 солдатты жер жастандырады. Осы ұрыста командир Ахмировтің өзі автоматымен біраз фашисті тікелей атып, көзін құртты. Сәлден кейін есін жиған фашистер үш мәрте қарсы шабуылға шығып, батальонды толықтай қоршап алады. Жағдай сәт санап қиындап бара жатты. Кеңес жауынгерлері жатқан тұсқа артиллерия снарядтары жауып, батальон, рота командирлері оққа ұшты, жауынгерлердің қатары да сиреді, оқ-дәрі таусылды. Ахмиров осындай қиын сәтте ротаны басқару¬ды өз мойнына алып, жаудың қоршауын бұзып шығу үшін жауынгерлерді шабуылға көтерді. Әуелі граната лақтырып, кейін жаумен қолма-қол айқасқан рота қоршауды бұзып шығып, жаңа шепке бекініп алды. Осынау ауыр ұрыста ерлік пен табандылық көрсетіп, жауынгерлерін аман алып қалған Қасым Ахмировке 1943 жылы қазанның 17-сінде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Аға лейтенант Ахмиров жеңісті Берлинде қарсы алды. Ленин, Қызыл Ту, І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен және медальдармен наградталған.

Қасым Ахмиров 1949 жылғы маусымның 6-сында темір жолда болған оқыс жағдайдан қаза тапты.

Әдебиеттер тiзiмi

1965 жыл
1.Рота, тыңда менің командамды!: Кеңес Одағының Батыры Қ. Ахмировтың ерлігі жайлы // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-9-10 б.

1969 жыл
2.Ахмиров Қасым: өмірдерек // Совет Одағының Қазақстандық Батырлары.-Алматы: Қазақстан, 1969.-79-80 б.

1985 жыл
3.Тазболатов А. Ер атанған Қасым // Орал өңірі.-1985.-27 сәуір.

2010 жыл
4.Ахмиров Қасым: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-Алматы: Арыс, 2010.-151 б.
5.Ахмиров Қасым: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-Алматы: Өнер, 2010.-21 б.
6.Ахмиров Қасым: өмірдерек // Жеңімпаздар-Победители.-Орал, 2010.-11 б.
7.Зеленовтық Кеңес одағының Батырлары: [Қасым Ахмиров туралы] // Ауыл тынысы.- 2010.-7 мамыр.-2б.
8.Ұлы Жеңіске – 65 жыл: [Соғыс ардагері Қасым Шабанұлы Ахмиров туралы] // Айна.-2010.-18 ақпан.-9 б.

2013 жыл
9.Дүзбатыр Н. Батырға ескерткіш орнатты: [Кеңес Одағының Батыры Қасым Ахмировке ескерткіш бюст орнатылды] // Ауыл тынысы.- 2013.-17 мамыр.