Тулешова Гүлнар Рахметқызы 1965 жылы 29 шілдеде Батыс Қазақстан облысы Тайпақ   ауданы   Котельное ауылында   дүниеге  келген.

1982 жылы Тайпақ ауданы Котельное орта мектебін бітірген.

2002 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан мәдениет институтында «Кітапханашы- библиограф» мамандығы бойынша  білім алған.

Г.Тулешова еңбек  жолын  1994 жылы Батыс Қазақстан облыстық  зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасында бастайды. Кітапхананың әр бөлімдерінде бөлім басшысы, кітапханашы қызметтерін атқарып келеді.

Кітапхана ісінің әдістерін жан-жақты меңгерген маман ретінде Г.Тулешова оқырман сұранысын қанағаттандыруда, талап –тілектерін орындауда, кітап оқуды насихаттауда белсенді жұмыс атқарып келеді. Қызмет етіп келе жатқан жылдарында өз ісінің шебері, білікті маман  екендігін көрсете білді. Зағип жандардың ақпаратқа еркін  қол  жеткізуі  мақсатында оқырмандар сұраныстарына сай кітапхананың кітап қорын  электронды   басылымдармен толықтыруға баса назар аударған мамандардың бірі. Сонымен қатар мәдени іс-шаралардың жоғарғы  деңгейде  өтуіне қашан да белсене қатысады. Кітапханада бүгінге дейін жұмыстанып келе жатқан поэзияға деген қызығушылықтары ортақ көз мүгедектігі бар оқырмандарды біріктірген «Муза» клубының ашылуына тікелей атсалысты. Көру мүмкіндігінен айырылған балалардың ақпараттық сұраныстарын толықтай қанағаттандыру мақсатында іске асып келе жатқан «Тактильді кітаптар-зағип балаларға» жобасы бойынша тактильді кітаптарды дайындауда  «Шебер қолдар» үйірмесіне жетекшілік етіп келеді.

Г.Тулешова жемісті еңбегі үшін  Қазақстан Республикасының  Ұлттық  кітапханасы «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен (2016ж), Батыс Қазақстан облыс әкімдігінің, облыстық  мәдениет басқармасының, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігіоблыстық филиалы басқармасының (2021ж) Алғыс хаттарымен марапатталған.