АБАЙ ДАНАЛЫҒЫ – БҮГІН ЖӘНЕ МӘҢГІ
АБАЙ ДАНАЛЫҒЫ – БҮГІН ЖӘНЕ МӘҢГІ
10 тамыз – қазақ халқының ұлы ойшылы, кемеңгер ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Осы айтулы датаға орай Ж.Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен Абай алаңында «Абай даналығы: бүгін және мәңгі» атты ашық аспан астындағы салтанатты шара өтті.
Салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы Меңдіғалиев құттықтау сөз сөйлеп, Абай мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. Гүл қою рәсіміне өңірдің зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен ұжымдары, ардагерлер, мәдениет, денсаулық сақтау және білім саласының өкілдері қатысты.
Абайдың әдеби мұрасын ұлықтаған шарада ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Орал қаласының Құрметті азаматы Айтқали Нұрышқалиұлы Нәріков сөз алып, ұлы ақынның рухани мұрасы туралы ой бөлісті.
Шара аясында дәстүрлі облыстық «Абай оқулары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де өтті. Байқау биыл Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына орай ұйымдастырылып, жас ұрпақтың ақын мұрасына деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Абай шығармаларын мәнерлеп оқу және ақынның әдеби мұрасын жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, заманауи форматта насихаттау бағытындағы байқау нәтижесінде:
І орын – Бөрлі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Орталық аудандық кітапхана оқырманы Серікқали Нұрайға;
ІІ орын – №26 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Дүйсенғали Аидаға;
ІІІ орын – Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Атамекен ауылдық кітапханасының оқырманы Латипов Мұратбекке берілді.
Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, өз өнерлерін көпшілікке ұсынды.
Мерекелік кештің шымылдығын Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашты. Сонымен қатар филармония әншілері Сиғватолла Ешкаев «Желсіз түнде жарық-ай» әнін, Алтынбек Оразов «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындаса, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Азат Мыңбаев Абай бейнесінде сахнаға шығып, ақынның қара сөзін оқып шараның мазмұнын байыта түсті.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Абай әлемі» атты облыстық байқауының жеңімпаздары да марапатталды.
Байқауға қатысушылар Абайдың қара сөздері мен шығармаларынан үзінділерді жасанды интеллект технологияларының көмегімен көркем бейнеролик түрінде әзірлеп, ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша:
І орын – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №74 мекемесінің кітапханашысы Есқалиева Гүлдана Сатымқызына;
ІІ орын – БҚО Полиция департаменті Ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Гарифуллина Алима Байғалиқызына;
ІІІ орын – Бәйтерек ауданы ОКЖ Октябрь ауылдық кітапханасының кітапханашысы Хайруллина Гүлсезім Құрманғазықызына бұйырды.
Абай тағылымын дәріптеу мақсатындағы мерекелік шараға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, кітапхана оқырмандары, байқау жеңімпаздары және қала тұрғындары қатысты.














Пікір үстеу