7 тамыз күні Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханада қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абаймен кемел болашаққа» атты дәстүрлі облыстық Абай оқулары байқауы ұйымдастырылды.
Байқаудың басты мақсаты – жастар арасында Абай мұрасын кеңінен насихаттау, көркем сөз оқу мәдениетін дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және ұлы ақынның шығармаларын заманауи цифрлық технологиялар арқылы дәріптеу.
Іс-шара барысында қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы «Абай әлеміне саяхат» кезеңінде талапкерлер Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқып, сөз өнеріне деген құрметі мен орындаушылық шеберліктерін көрсетті. Ал «Абай мұрасы – цифрлық дәуірде» атты екінші кезеңде қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Абай шығармалары негізінде әзірлеген шығармашылық бейнероликтерін ұсынды. Бұл кезең ұлы ақын мұрасын жаңа форматта танытуға мүмкіндік беріп, қатысушылардың жаңашыл көзқарасын айқындады.
Байқауға қатысушылардың өнеріне ақын-ұстаз, жұбантанушы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Үзілдік Елеубайқызы төрағалық еткен қазылар алқасы әділ бағасын берді. Қазылар құрамында мемлекеттік қызмет саласының ардагері, тіл жанашыры Гүлнар Жәрдемқызы және Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі, Мәдениет саласының үздігі Асылжан Жакин болды.
Байқау соңында қазылар алқасы қатысушылардың өнеріне жоғары баға беріп, қатысушыларға белсенділігі мен шығармашылық ізденісі үшін Алғыс хаттар табыстады. Жеңімпаздар 10 тамыз – Абай күніне арналған салтанатты шарада марапатталады.






















Пікір үстеу