Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы 2005 жылы „Батыс Қазақстан өлкетанушылары” деп аталатын өлкемізге кеңінен танымал тарихшы- ғалымдар мен өлкетанушылардың шығармашылықтары мен ғылыми еңбектерінен құралған библиографиялық көрсеткіш шығарған болатын. Оқырман қолына тиіп отырған бұл басылым осы библиографиялық көрсеткіштің жалғасы. Бұл көрсеткіште „Әдебиеттану, экология” тақырыптары қамтылған.

„Батыс Қазақстан өлкетанушылары” библиографиялық көрсеткішінің ІІ шығарылымы әдеби, экологиялық тақырыптарда қалам тербеп жүрген бір топ қаламгерлер мен өлкетанушылардың шығармашылықтарына арналған. Көрсеткіште олардың жалпы әдеби, экологиялық, өлкетанулық мақалалары мен зерттеу еңбектері, ғылыми мақалалар жинақталған. Сондай-ақ осы өлкетанушылардың өмірдеректері алфавит тәртібімен орналасқан. Әр өмірдерек соңында өлкетанушылар мен олардың еңбектері, олар туралы мақалалар тізімі берілген.

Көрсеткішті құрастыру барысында негізінен Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының өлкетану каталогы, өлкетану картотекасы, өлкетану кітап қоры, көрсеткішке енген өлкетанушылардың жеке қорлары мен мерзімді басылымдар жинақтары пайдаланылды.

Осы библиографиялық көрсеткішті құрастыру барысында көрсеткен көмектері мен берген ақпараттары үшін барлық өлкетанушылар мен жекелеген тұлғаларға алғыс айтамыз.

Көрсеткіш өлкетанушыларға, зерттеушілерге, әдебиеттанушылар мен кітапханашыларға, сондай-ақ Батыс Қазақстан өңірінің өлкетану ісімен толығырақ танысқысы келетін барлық оқырманға арналған.