Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қатимолла Бердіғалиев 1952 жылы Орал облысы Казталов ауданында, Тереңкөл ауылында дүниеге келген. Осы аудандағы Алма Оразбаева атындағы орта мектепте білім алған. 1975 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық училищені бітірген.
1977 жылдан Казталов аудандық мәдениет үйінде қызмет етеді. Қатимолла – табиғи талант иесі. Оның кең диапозонды, әдемі де ырғақты дауыспен салған әндері тыңдаушы жүрегін еріксіз елең еткізіп, жүрегінен жол табады. Оның репертуары өте бай. Қазақтың халық әндері, Мұхиттың, Ғ. Құрманғалиевтің кең тынысты қажет ететін әндерімен қатар, терең философиялық мән-мағынаға толы өткен ғасырлардың Бұхар, Базар, Қашаған т. б. көптеген жыраулардың терме жырлары, халық композиторларының әндері бар.
Қатимолла Бердіғалиевтің өнерін облыс, республика жұртшылығы жақсы біледі. Ол бірнеше дүркін Бүкілодақтық, Республикалық байқаулардың лауреаты. Жыл өткен сайын Қатимолланың шеберлігі шыңдалып, өнері өсіп жаңа қырынан көрінуде.
1987 жылы Ұлы Қазан төңкерісінің 70 жылдық торқалы тойына арналған Орал облыстық ақындар айтысына, Казталов ауданының бас ақыны ретінде қатысып, үлкен ақындық өнер танытты. Алғаш рет айтысқа түскендігіне қарамастан ол сөзге жүйріктігін көрсетті. Аяқ асты тосын қойылған сауалдарға табанда орынды жауап беріп, әзіл-оспағы мен әділ сыны мол сөз саптаулары айтыс ақындығының мол көзі ашыла бастағанын байқатты.
Сөйтіп, ол әріптестерінен көш бойы озыр шығып, «Облыс ақыны» деген құрметті атаққа ие болды.
Өнер алды – қызыл тіл демекші, бүгінде жыр көшінің жетегінде келе жатқан, кейінгі жас балауса ақындардың өнерге жол сілтер ұстаз-ағалары ретінде көріне білген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Қатимолла Бердіғалиев аз уақыт ішінде Республиканың халқына танылып үлгерді. Қатимолланы тек Қазақстан ғана емес Ресей, Моңғол, Қырғыз, Өзбек республикаларының ақындары құрмет тұтады.
1989 жылы Алматы қаласындағы Наурыз айтысында І орынды иеленсе, қазан айында Алматыдағы ақындар айтысында Монғолияның ақыны Мұхамедиқызы Егеуханмен айтысып ІІ орынды жеңіп алды.
1990 жылы Алматы қаласындағы Наурыз айтысында ІІ орынды қанжығасына байласа, 1991 жылы Ақтөбе қаласында өткен ақындар айтысында І Орынды жеңіп алып, көп кешікпей 1992 жылы Тама Есет Батырдың мерей тойындағы айтыста бас жүлдені жеңіп алды. Сол жылдың қазан айында Қызылорда облысының, Қазалы ауданында өткен ақындар айтысында І орынды иеленді.
Қатимолла қай айтыста болмасын өзінің суырып салма өткір де ұтқыр сөзімен қарсыластарын әркез бет қаратпай, мәртебесі жоғары түсіп отырады.
1991 жылы Қаратөбе ауданы Мұхит совхозында өткен әнші, сазгер сал Мұхиттың 150 жылдық мерей тойындағы ақындар айтысында І орынды, 1992 жылы Оралда өткен Сырым Датовтың 250 жылдық тойында да І орынды жеңіп алды.
1993 жылы өткен Көкшетау қаласында Ақан Серінің 150 жылдық мерей тойындағы ақындар айтысында бас жүлдені, сол жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында өткен Бұхарбай батырдың тойында тағы да бас жүлдені жеңіп алды. 1993 жылы Торғай облысында Шақшақ Жәнібектің мерей тойында бас жүлдені қанжығасына байлады.
Қатимолла Бердіғалиевтің өлеңдері Орал өңірі, Жалын баспалары мен республикалық газеттерде жиі-жиі жарияланып тұрады.
«Жүзден жүйрік» шыққандар атты кітапшасында өмір жолдары мен айтыс өлеңдері басылып шықты.
Қатимолла Бердіғалиев айтыспен қатар бірнеше дүркін жыршы, термешілердің облыстық, республикалық, халықаралық байқауларына қатысып лауреат атанды. Соның бірі 1997 жылы қазан айында Алматы қаласында өткен Мұхтар Әуезовтің 100 жасқа толу мерей тойында «Мұхтар Әуезов және ұлы дала музыкасы» атты халықаралық фестивалға қатысып лауреат атанды.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қатимолла Бердіғалиевтің жастарға үйретер ақындық өнері мол. Бүгінде Қатимолла Оралдағы Құрмағазы атындағы саз колледжінде жастарға дәріс беруде.

