Күйші-композитор, қазақ музыка мәдениетінің аса көрнекті қайраткері, Қазақ КСР Халық артисі Дина Нұрпейісова 1861 жылы Жаңақала ауданы, Бекетай құмында дүниеге келген. Дина домбыраны 9 жасында әкесі Кенжеден үйренген. 1870 жылы ол Құрманғазымен тұңғыш рет кездеседі. Жас Динаның өнеріне риза болған Құрманғазы бата береді. Бұл кездесу болашақ үлкен өнер иесі Динаның шығармашылық тағдырына зор әсер етті. Дина шығармаларының негізгі арқауы – халық музыкасы. Динаның тырнақалды «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» атты күйлерінен халық шығармаларының дәстүрі айқын айғарылады. Дина шығармаларындағы жаңа бір белес оның «1916 жыл» деген күйінен басталады. Бұл шығарма қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысына арналған. Дина Исатай мен Махамбетке арнап «Кішкентай» атты күй шығарды. 1937 жылы халық өнерпаздарының республикалық байқауына қатысып, бірінші жүлде алған Дина 1939 жылы Мәскеуде өткен халық аспаптары орындаушыларының Бүкілодақтық байқауына қатысты. Динаның майда үнді, нәзік сазды «Әсем қоңыры», тасқын атқан «Тойбастары» – терең мазмұнымен, өзгеше түр ерекшелігімен танымал туындылар. Күйшінің «Ана аманаты», «Жеңіс», «Еңбек Ері», «Сауышны» атты күйлері – замана тынысын, өз замандастарының бейнесі мен мұрат-мақсатын күй тілінде өрнектеген шығармалар. Құрманғазы, Дәулеткерей дәстүрін дамыта отырып, кеңес дәуірінде күйшілік өнерді жаңа бір белеске көтерді. 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальмен марапатталған. Дина туралы жазушы С. Бақбергеновтың «Қайран шешем» атты романы бар.
Нұрпейісова Дина
просмотров: 30

