Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының жанындағы Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрі – Қазақстан Республикасы бойынша жаңадан кұрылған жас оркестр.
Оркестр 2000 жылы облыс әкімдігінің басшылығымен құрылды. Бұл күй атасы Қүрманғазы, күй анасы Дина, атақты күйшілер Ұзақ, Дәулеткерей, Сейтек, Баламайсан, Түркеш дүниеге келген қасиетті Ақжайык өңірінде атаулы өнер саңылақтарының ұлттық музыка дәстүрін одан әрі жалғастыра дамытып, республика көлемінде халықтық шығармалармен қатар, әлемдегі ең озық музыка классиктерінің таңдаулы шығармаларын орындайтындай дәрежеге жеткізу мақсатында құрылған үлкен ұжым.
Оркестрдің тұсаукесер рәсіміне жерлесіміз, КСРО-ның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарынын иегері, Құрманғазы атындағы “Достық” орденді Мемлекеттік Академиялық оркестрдіц бас дирижеры Шамғон Қажығалиев қатысып, жас оркестрдің өнердегі тұсауын кесіп, оның жауқазын ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Бүгінде оркестрдің құрамында 52 біліктілігі жоғары деңгейлі кәсіби музыка мамандары жұмыс істейді. Олардың негізін: Алматы Мемлекеттік консереаториясы мен Дәулеткерей атындағы өнер институтының түлектері құрайды. Оркестрдің қалыптасуына, елге танымал болуына, олардың шеберлігінің шындалуына үлкен ықпал етіп келе жатқан көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Қырымгерей Қажымов пен екінші дирижеры І-ші Республикалық Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев атындағы дирижерлар конкурстарының лауреаты, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетовтердің еңбегін аса зор ілтипатпен, құрметпен атаймыз.
Бес жыл ішінде оркестр мүшелері көптеген қазақ және шетел композиторларының күрделі шығармалары мен әндерін музыка аспаптарына түсірді. Жас оркестрдің алғашқы гастрольдік сапары Астанадағы Конгресс-Холл сахнасында талғамы жоғары Астана халқы алдында өнер көрсетуімен басталды.
Өнер жолын осылайша табысты бастаған Дәулеткерей атындағы оркестр облысымызға көршілес Ресейдің Саратов, Самара, Орынбор, Астрахань, Тұзтөбе қалаларында және өзіміздің Ақтөбе қаласы мен облысымыздың көптеген аудандарында өнер сапарымен болып, халқымыздың небір інжу-маржан әндері мен шығармаларын орындап, көрермендерді қуанышқа бөледі.
Оркестр өзінің репертуарын жиі-жиі өзгертіп жаңартып отырады, үлкен ізденіс үстінде үнемі тынбай жұмыс жасайды. Атақты күйші-композиторлар Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Түркеш, Сейтек, Баламайсан, Махамбет т.б. көптеген халық композиторларының күйлері және Қазақстан композиторлары: А.Жұбанов, М.Төлебаев, С.Мұхаметжанов, Е.Брусиловский, М.Қойшыбаев, Н.Тілендиев, К.Күмісбеков, Е.Рахмадиев, Б.Жұманиязов, А.Жайымовтардың т.б. белгілі композиторларымыздың музыкалық шығармаларымен қатар П.И.Чайковский, М.Огинский, В.Моцарт, И.Штраус, И.Брамс, А.Хачатурян, Ж.Бизе сияқты ірі орыс және шетел композиторларының шығармалары оркестр репертуарынан кеңінен орын алған. Құрылғанына бес жылдай уакыт өтсе де, оркестрдің репертуарында 200-ден астам шығармалар бар.
Оркестр құрамындағы халықаралық, республикалық өнер сайыстарының жүлдегерлері, Алматы консерваториясын бітірген күйші Батыржан Мықтыбаев, сыбызғышы Мәдениет Меңдіғалиев, қобызшы Жәмила Нұрымбетова және Дәулеткерей атындағы өнер институтының түлектері: Ербол Ғұбайдуллин, Асылхан Қазиев, Аңсар Бердіғалиев, Ермак Молдабеков, Асқар Кенжеғалиев, Ағипа Шөкенова, Жаннат Сапарова, Бақтыгүл Молдабекова, Қарлығаш Хамиева, примашы Виктор Витман, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, дәулескер күйші Ермек Қазиев ұлттық өнерімізді дамытуда және насихаттауда асқан шеберлік көрсетуде.
Жаңа ғасырдың табалдырығында дүниеге келген Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрі және оның басшылығы өздерінің шығармашылық жұмыстарын атқаруда, Батыс өңірінің өнерін насихаттауда үлкен жұмыс атқарып келеді.

