Андрей Феоктистович Гребнёв 1912 жылы қарашаның 30 жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы Покатиловка ауылындағы шаруаның жанұясында дүниеге келген.

Батырдың әкесі – Феоктистий аңызға айналған белгілі Чапаев дивизиясында жауынгер болған. Андрей Феоктистович Гребнёвтың ұлты – орыс. Еңбек жолын 1929 жылдан бастаған ол қара жұмысшы, портта матрос, бұрғылау шебері, Мариуполь қаласындағы нан зауыты директорының көмекшісі болып жұмыс істеді.

Ол 1934 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. 1939-1940 жылдары Фин соғысына қатысады. Қызыл Армия қатарына шақырылған соң екі жылдан кейін командирлік курстан өтіп, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы қарсаңында «Выстрел» деп аталатын арнаулы тактикалық курстан өтеді. Ал Ұлы Отан соғысы басталғанда батальон командирі болып,ұрысқа қатысады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс, Брянск, Орталық, 1-ші, 2-ші және 3-ші Белорус майданында болады. А.Ф. Гребнёв өзі басқарған әскери жасақпен Белоруссияны азат ету үшін болған ұрыста ерекше көзге түседі.

1944 жылдың 26 маусымында полковник А.Ф. Гребнёв басқарған атқыштар полкі Гомель облысы, Рогачев ауданы Задрутье деревнясының оңтүстік-шығысына орналасқан жаудың күшті қорғаныс бекінісін бұзып, шабуылға шығады. Днепр өзенімен көктей өтіп, жаудың терең орын (траншеясын) бұзып жарып, 200-ге жуық гитлершілдердің көзін жояды.Барановичей, Слонима, Волкависканы жау қолынан азат ету үшін болған шайқаста А.Ф. Гребнёв басқарған полк дұшпанның 13 станокті пулеметін, өздігінен жүретін 7 зеңбірігін, 3 танкісін, 400-ден астам гитлершілді жойып, 500-ден астам солдаттары мен офицерлерін тұтқынға алады. Ұрыстағы осындай ерлігі үшін полковник А.Ф. Гребнёв полк командирлігінен дивизия командирлігіне жоғарылатылады.

1945 жылдың 1 ақпанында дивизия командирі майдан қолбасшысымен байланысты қалпына келтірді. Маршал К.К. Рокоссовский Гребнёвтің әскери бөліміне атты әскерлердің көмекке баратынын хабарлады. Бірақ жаудың тегеурінін бұзған дивизияға көмектің қажеті болмай шықты. Қатары селдіреген дивизия полктері алдында дұшпанның үні өшіп,қираған танктері тұрды. Олардың жанар-жағар майлары сарқылды, оқ-дәрілері тәмәм болды. Дұшпанның демі бітіп, діңкелері құрыды. Сөйтіп, полковник Гребнёв басқарған дивизия аса маңызды стратегиялық алаңдарды жау қолынан қорғап қалды.

Отан алдындағы борышын адал атқарғаны және Беларус жеріндегі ерен ерлігі үшін дивизия командирі А.Ф.Гребнёвке 1945 жылы 6 сәуірде Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.

Андрей Феоктистович Гребнёв соғыс біткеннен кейін де әскери сапта қалып, өз мамандығын жетілдірді. Ол Фрунзе атындағы әскери академия жанындағы атқыштар дивизиясы командирлерінің білімін жетілдіру курсын (1947 жылы), Бас штаб әскери академиясы жанындағы Жоғарғы академиялық курсты (1956 жылы) тәмәмдады. Яғни ол екі әскери академияны бітірді. Ол 1968 жылға дейін Кеңес Армиясы қатарында болып, қалтқысыз қызмет атқарды. Екі рет Ленин, үш рет Қызыл Жұлдыз. 2-ші дәрежелі Суворов ордендерімен марапатталды. 1973 жылы 20 қазанда қайтыс болып, Маруполеде жерленді.

Әдебиеттер тiзiмi

1975 жыл
1.Моисеев В. Батырлар жайында // Орал өңірі.-1975.-14 қараша.

1980 жыл
2.Қожахметов Ә. Генералдың майдан жолы // Орал өңірі.-1980.-23 ақпан.

1985 жыл
3.Қажымов Қ. Қол бастаған хас батыр // Орал өңірі.-1985.-16 мамыр.

1992 жыл
4.Жаданов М. Ақ Жайықтан шыққан қас батыр: [генерал А.Ф. Гребневтың туғанына – 80 жыл] // Орал өңірі.-1992.-3 желтоқсан.

2005 жыл
5.Гребнев Андрей: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-16 б.

2010 жыл
6.Гребнев Андрей: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-Алматы: Арыс, 2010.-218 б.
7.Гребнев Андрей: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-Алматы: Өнер, 2010.-67 б.