Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, авиация генерал-лейтенанты, ұшқыш-шабуылдаушы, КСРО-ға еңбек сіңірген әскери ұшқыш Беда Леонид Игнатьевич 1920 жылы 16 тамызда Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы Ново-Покровка ауылында дүниеге келген. Білімге деген құштарлық оны Орал қаласына алып келді. Осында орта мектепті бітірген Леонид Беда мұғалімдер институтының физика-математика факультетіне түсіп бітіреді. Авиацияға деген сүйіспеншілік оны 1940 жылы тамыз айында Чкалов (Орынбор) әскери авиациялық ұшқыштар училищнсіне алып келеді. 1942 жылдың тамыз айында майданға жіберілді. Ол Сталинград, Донбасс, Таганрог, Кенигсберг қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. 75-гвардиялың авиациялық шабуылдаушы полктің (4-Украина майданы, 8-әуе армиясы, 1-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық дивизия) әскадрилья командирі 1944 жылдың сәуіріне дейін 109 рет әскери тапсырмамен жау әскері шоғырланған жерлер мен бекіністерін шабуылдады.
Осы ерліктері үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1944 жылы 26 қазанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. З-Беларусь майданы, 1-әуе армиясы, 1-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық дивизия полкінің командирінің орынбасары бола жүріп, 105 әскери тапсырманы орындады. Осы ерліктері үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Бедаға екінші рет 1945 жылы 29 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыс аяқталған соң Әскери-әуе және Бас штабтың әскери академияларын бітірді.
Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Александр Невский, l-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Әскери қызметтегі міндетін орындау кезінде қаза тапты. Леонид Бедаға Қостанай қаласында қоладан бюст орнатылған. Минск қаласында бір даңғылға, Гродо облысы Лида қаласындағы көшеге, Харьковтағы мектепке Леонид Беда есімі берілген.
Әдебиеттер тiзiмi
1969 жыл
1.Беда Леонид: өмірдерек // Совет Одағының Қазақстандық Батырлары.-Алматы: Қазақстан, 1969.-Т.1.-109-110 б.
1985 жыл
2.Қазақстандық екі мәрте Совет Одағының батырлары: [Екі мәрте Совет Одағының Батыры Леонид Игнатьевич Беда туралы қысқаша анықтама суретімен берілген] // Октябрь туы.-1985.-9 сәуір.-2 б.
2005 жыл
3.Беда Леонид: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-11 б.
2010 жыл
4.Беда Леонид: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-Алматы: Өнер, 2010.-36 б.
5.Беда Леонид: өмірдерек // Жеңімпаздар-Победители.-Орал, 2010.-12 б.