Сағынғали Сейітовтің туғанына 100 жыл

(1917-2017)

        «Қазақ әдебиеті ақсақалдарының бірі, ақын, ғалым Сағынғали Сейітов шығармалары-тәуелсіз Қазақстан мәдениетінің әлемдік өркениетке қосылатын елеулі көркемдік қазынасы. Қыран-жырымен ғарыштық қозғалыстағы әлемде биіктен-биікке самғап келе жатқан ақын-азаматтың өлеңдері алыс ғасырларда да жасай береді.»

 

                                                                  Әбділхамит Нарымбетов,

                                                                филология ғылымдарының докторы, профессор

Мақсаты: Оқырмандарға жерлес ақын, әрі әдебиет зерттеуші ғалым, қаламгер Сағынғали Сейітовтің өмірі мен шығармашылық жолынан мағлұмат беру, шығармаларына тоқталу, мәнін түсіндіру арқылы студенттердің сөздік қорын молайту,туған жерді қадірлеуге баулу. Бойларында адамгершілік, имандылық, ерлік қасиеттерді дамыту.

Көрнекілігі: С.Сейітовке арналған кітап көрмесі, слайд, нақыл сөздер, буклет, журналдар.

Тақырыбы: «Қаламда қара нардай қажымаған…»

1 «Сөз інжуін тұнықтан терген ақын»

  1. «Қаламда қара нардай қажымаған…» слайд.
  2. «Борышын ақтаған ақын» С.Сейітовтің өлеңдері оқылады.
  3. «Ұлағатты өмір , өшпес өнеге» виртуалдық кітап көрмесі.
  4. «Ой толғау» (Келген қонақтарға сөз беру)
  5. Қорытынды сөз.

 

І бөлім. «Сөз інжуін тұнықтан терген ақын»

 

       1 жүргізуші: Кеш жарық ардақты ағайын, құрметті оқырмандар!Ұлттық әдебиетіміздің тарихына ХХ ғасырдың 30-жылдары келген шоғыры тұтасқан дарынды ақындарымыздың бірі Сағынғали Сейітовтің 100 жасқа толуына орай Ж.Молдағалиев атындағы облыстық Әмбебап –ғылыми кітапханасының шаңырағында өткізгелі отырған  «Қаламда қара нардай қажымаған…» атты әдеби кешімізге қош келдіңіз!

Сөз кезегі  —————— беріледі.

Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер- журналист, көрнекті ақын, сыншы, аудармашы, әдебиет зерттеуші, көсемсөз шебері Сағынғали Сейітов биыл 100 жасына жеткенде, сөз жоқ қазіргі қазақ әдебиетінің абыз-ақсақалы болып, халқының алдында балаға айналған данадай әлдиленер еді                                                                         Бүгінгі шарамыздың  мақсаты – жерлес ақынымыздың мерейтойына арналған кеште оның шығармашылығы туралы сөз қозғап, өлеңдерімен жас оқырмандарды таныстыру.

 

«Қаламда қара нардай қажымаған…» слайд.

 

      2 жүргізуші: Сағынғали Сейітов 1917 жылдың 20 қарашасында Орал облысы, Ақжайық ауданы, “Өлеңті” кеңшарында туған. 1937 жылы Орал су транспорты рабфагын, 1941 жылы Абай атындағы Алматы институтының тіл – әдебиет факультетін тамамдағаң. 1941 – 1947 жылдары Кеңес Армиясы қатарына бастан – аяқ қатысқан. Соғыстан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болып істеген. Филология ғылымының кандидаты.Тырнақалды өлеңі 1936 жылы Оралдың облыстық газетінде жарияланған. Тұңғыш жинағы – “Большевиктер” атты өлеңдер жинағы 1951 жылы жарық көрген. Содан бері қазақ, орыс

 

тілдерінде қырықтан астам кітабы басылып шыққан. Оның ішінде “Жолдас жүректен” (1953), “Ортақ ой” (1956), “Бетпе – бет” (1959), “Өрден өрге” (1963), “Жаңғырық” (таңдамалы, 1967), “Алуан – алуан” (1976), “Жолдас уақыт” (таңдамалы, 1977), “Сәулет” (1988), “Серпет” (1994), “Сеңгір” (1997), “Самғау” (2001); орыс тілінде “Теректегі тамшылар” (1961), “Мен сіздермен біргемін” (1968), “Сырларым” (1981), атты өлендер жинағы; “Жылдар жотасында” (1962), “Сөз сұрайды солдаттар” (1970) атты очерктер әңгімелер жинағы; “Қырық жылда” (1957), “Ақын сапары” (1958), “СССР Одағы халықтарының әдебиеті” (1961), “Әдебиеттер достығы” (1969).”Өлең өлкесінде” (1984) т.б. әдеби – зерттеу еңбектері жарық көрді. Жырларын оқып отырып, оның тамаша эпик, лирик екендігіне көзіміз жетеді.Оның өлеңдерінің географиялық кеңдігінен-ақ азаматтық тұлғасын танимыз. Ол жер бетін түгел аралап, болашақ ұрпақтың соғыс деген сұмдықты көрмеуін, әсіресе көршілерімізбен тату-тәтті өмір сүруді аманат етеді.

 

       1 жүргізуші:.  Туған жерге деген махаббат – барлық адамдарға тән ортақ  сезім. Ақын Сағынғали ата-баба қоңысы Оралды, Жайықты және өзінің ауылын, өзен-көлдерін, белдерін романтикалық аңсаумен бейнелейді. Кіндік қаны тамған атамекен қонысын мәңгі ардақтау, құрметтеу -әрбір азаматтың қасиетті борышы. Ақын Сағынғали ағамызда өзі дүниеге келген мекені жайын  шынайы тебіреніспен, мақтанышпен, толғаныспен еске алып өлең жазады.

 

Беркенова Ақкенже « Тайпақ »  өлеңі оқылады.

Халимуллина Назерке «Ақ жайық» өлеңі оқылады.

Сөз кезегі—————- беріледі.

 

 2 Жүргізуші: Шалқып шабыт, тұла бойда тулап қан,

Басым,миым босамайды шумақтан.

Бірі бітсе,екіншісі туады,

Толқындардай бірін-бірі қуады.

Жырсыз көңіл-нұрсыз көңіл, жым-жылас,

Онсыз жаның сая таппас,тыншылмас.

 

Ақынның көңіл-күйі әуендерін танытатын өлеңдерінде лирикалық қаһарманның сан алуан сезім күйлерін жан дүниесіне қабылдаудан туған әсерлері поэтикалық-эстетикалық бағалау өлшемдері ретінде беріледі. Өлеңдерінде қуанышпен мұң, үміт пен сенім таразысына тартылған тіршілік тынысы жырланады.

 

Байсейітова Гүлфариза « Жайсаң жандар» өленің оқиды.

 

Сөз кезегі ———————–беріледі.

ІІ бөлім. «Борышын ақтаған ақын»

     1 Жүргізуші:Сағынғали Сейітов – майдан тақырыбында жазатын санаулы қаламгердіің бірі. Туындыларының 3/1 бөлігі соғыс тақырыбын қамтиды. Ақын мақсаты-жауды жеңу, достыққа берік болу, патриоттық қасиет, майдан ерлігінің халыққа жария болуы.Отты жылдардың образы ақын өлеңдерінде шынайы сомдалған. Сағынғали Сейітовтың соғысқа қолына қару ұстап кіріп, жауына атой сала жүріп қаламын да бір тастамай Солтүстік-Батыс майданның «Отан үшін»

 

газетінің қазақ тіліндегі нұсқасын шығаруға ат салысқанын қазақ жауынгерлерінің ерлігі туралы жазылған мақала, очерк пен өлеңдері. «Жүрсем де оқ пен оттың арасында ,Өлімнен қорықпаймын, нанасың ба?» деп жырлап жауынгерлерге жалынды жырларымен қуат берді.Ақын майдандағы шығармашылығы туралы өзінің күнделігінде: «Мен майданда болған оқиғаларды, өзгертпестен, өңдеместен, сол қалпында айтып бердім.Жанымнан ештеңе қоспадым.Ештеңені әсірелемедім, боямадым» деп ағынан жарылады. Ұлы Отан соғысының жауынгері Сағынғалидың майдандағы соғыс қимылдары, жауынгерлердің қаһарман ерліктері хақындағы өлеңдері мол. Ол өлеңдерден бейбітшілікті, адамзат тыныштығын тілеген арманшыл ақын жүрегінің аңсарлы қуатын аңғарамыз.

 

Асқарова Ботагөз  «Ешқашан да қайталанбас қырық бір» өлеңі оқылады.

 

Латипов Муратбек  «Шерулі шақтарға шегініс» өлеңі оқылады.

 

Сөз кезегі——————- беріледі.

 

       2 Жүргізуші: Әдебиетке деген құштарлығы қару мен қаламды тең ұстауға септігін тигізеді. Ұлы Отан соғысында жүріп Беларусь даласында өзінен үш жас кіші, ауылдас Жұбан Молдағалиевпен кездесуі екеуінің кейіннен мәңгі достығына айналды. « Мен дарқан дарын иесі ақиық ақын Жұбан Молдағалиевпен қырық алты жыл бойы қатар жүріп, өмірдің асулары мен бел белестерінен жұп жазбай өткен адаммын. Ащыны да, тұщыны да бірге таттық. Қуанышты да, қайғыны да тең бөлістік. Шығармашылық жұмыста да қаламды қаз-қатар тербеп, біріміздің жазғанамызды біріміз кітап болып шыққанға дейін-ақ қолжазба күйінде оқып отыратынбыз. Ол артына өлмес-өшпес бай көркем дүние қалдырды.» -деп еске алады ақын.

«Жыландымен жүздескенде». Өлеңді оқитындар Ж.Молдағалиев атындағы облыстық Әмбебап –ғылыми кітапханасының «Өлкетану әдебиеттері» бөлімінің кітапханашылары: Ахметова Роза, Шакелова Динара, Хайруллина Зульфия, Бергалиева Ляззат.

Сөз кезегі——————– беріледі.

       1 жүргізуші: Елге аман оралған жауынгер Сейітов Қаз.ССР Ғылым академиясында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында аса жауапты қызметтер атқарды. С.Сейітов жалғыз ғана ақын емес, сонымен қатар танымал сыншы, әдебиетші. Оның қаламынан совет әдебиетінің көрнекті қайраткерлері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков тағы басқалардың творчествосы туралы монографиялық еңбектер шықты. Оқушы жұртшылық С.Сейітовтың “Қырық жылда”, “Әдебиеттер достығы”, “Қазақ поэзиясындағы” Маяковский дәстүрі» секілді кітаптарын жылы қабылдады.

       2 жүргізуші: С.Сейітов дүниежүзілік және советтік классиктердің, туысқан елдер әдебиетінің майталман шеберлерінің шығармаларын аудару ісімен де шұғылданған. Ғылыми монографиялар жазды. «Махаббат лирикалары» атты өлең жинағындағы ішкі сезім сырлары, әр жылдарда өмірге келген 50-ге жуық кітабы оқырманға кеңінен танымал. Сағынғали ағаның прозалық, публицистикалық, журналистикалық еңбектері өз алдына бір төбе. Көзі тірісінде араға 5-10 жыл салып елге келіп, тумаларына, жеріне деген сағынышын жырларымен айшықтаған.

Қорытынды.

 

      1 жүргізуші: Жазбаймын мен өлеңді орден үшін, медаль үшін,

Ерекше ескеремін ел алғысын.

Мен үшін жүлде де осы, бәйге де сол,

Арманның жуықтатар ең алысын.

Әлеумет ықыласы –қалайтыным,

Өмірдің зор сыйына балайтыным.

Тірлікте сезсем болды –менен қалар

Мұраның бір кәдеге жарайтының.

Ойым жоқ өңгелерден бөтен- бөлек,

Талайды таңқалдырар төтен,ерек.

Жалғыз-ақ қорқам, жарық дүниеден

Айта алмай айтарымды кетем бе деп.

 

     2 жүргізуші:Болсын деймін ең алдымен ел аман,

Болсын деймін елге қоса жер аман!

Оятса да көкте күннің күргірі,

Шошытпасын зеңбіректің зіркілі.

Жерде оқтар атылмасын аңдыздап,

Ана байғұс зарламасын жалғыз қап.

Тілегімнің ең зоры сол! Сөз қысқа:

Ешуақытта жол бермейік соғысқа!

Әйтеуір бір нәрсеге жоқ таласым,
Білемін ұшқыр қалам тоқтамасын, -деп жырлаған ағамыз 90-ның төріне енді жетемін деп келгенде арамыздан кетті. Ол 90-ға анық тұлпар күйінде жетті. Өмірінің соңғы кезінде денсаулығының сыр бергеніне қарамастан, қолынан қаламын тастамады. Әдебиетке қосқан үлесі, ғылымдағы жаңалығы соның айғағы болса керек. Қазақ әдебиеті ақсақалдарының бірі, ақын, ғалым Сағынғали Сейітов шығармалары- тәуелсіз Қазақстан мәдениетінің әлемдік өркениетке қосылатын елеулі көркемдік қазынасы.

Осымен жерлес ақын, қаламгер Сағынғали Сейітовің 100 жылға толуына орай ұйымдастырылған «Қаламда қара нардай қажымаған…» атты әдеби кешіміз аяқталды. Әдебиеттің шашбауын көтерген кештерде жүздескенше қош-сау болыңыз!

 

Кітап көрмесіне шолу.

Бұл бөлімінде ақынның өз шығармашылық жолына сараптама жасаған мақалалары, ой толғамдары, сонымен қатар ақын шығармашылығы туралы әдеби-сын еңбектер, мақалалар қойылады.

Сағынғали Сейітов өлеңдері сан қырлы. Әдебиет зерттеушісі, ғалым Ол СССР халықтары әдебиетінің туысқандық, достық-ынтымақғын, өзара байланысы және олардың бірін-бірі байыту мәселелеріне көбірек көңіл бөледі.

1 бөлім –өзі туралы.

Қазақ поэзиясы ақсақалдарының бірі,

« Сыңғыр» «Ғылым» баспасы, 2001 ж. Көрнекті ақын Сағынғали Сейітовтың бұл тандамалысына оның жарты ғасыр ішінде, яғни отызыншы жылдардың орта тұсынан сексенінші жылдардың орта кезіне дейінгі аралықта жазылған өлең-жырлары, топтамалары мен толғамдары, балладалары.ықшам дастан үлгісіндегі желілі, оқиғалы дүниелері енгізілді.

«Төлтума» 1980 ж. баспасы, «Жазушы»  Кітапта бүгінгі дәуір тынысын білдіретін және совет адамдарының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы асқақ ерлігі мен қаһармандағын мадақтайтын шығармалар бар.

2 бөлім – Отты жылдарда жазған туындылары.

Онда қаламгер отты жылдарды көзімен атқарғандықтан соғыстың басынан аяғына дейінгі жайды баяндай жазған туындылары.Ақынның фашисттерге деген өшпенділігі, достарына адалдығы, көңіл толғаныстары өлең болып төгілген.

Жазушы Сағынғали Сейітов алуан-алуан жыр кітаптарында кешегі сұрапыл соғыста туған елді қас қақпай қорғаған майдангерлер ерлігін тебірене толғаған еді. Сол қаһарлы жырларда сарғайған дәптерін қайта парақтап, майда «Сөз сұрайтын солдаттар» кітабында қаһармандардың темірдей төзімі мен қасиетін, өмірге деген шексіз сүйіспеншілігін, отаншылдығын, жауға деген өшпенділігін әсерлі суреттейді.

Сағынғали Сейітов өлеңдері сан қырлы. Оның олеңдерінен балалардың мінез – құлқын сипаттайтын шумақтарды да, сатиралық уақытты өткір жолдарды да кездестіруге болады.

 

II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен наградталған.

(Сөз кезегі…………….)

 

«Ақ жайық». Хамидуллина Назерке

Ақ Жайық,ардақ Жайық,арман Жайық,

Ақ Жайық, тарих Жайық, тарлан Жайық,

Ақ Жайық, баба Жайық, ана Жайық,

Аялар ақ құшағын алдан жайып.

Жағанда керуен жылдар жолы жатыр,

Шұбалған көштің алды,соңы жатыр.

Тотықпай, тереңінде Исатайдың

Жоғалған қапияда оғы жатыр.

Қакөйді қансырата атам деп те,

Қайрадың қайратынды қатаң кекке.

Жол ашты ақ толқының қақа жарылып,

Тасқанда ат жалдатқан Махамбетке.

Ақ Жайық, елге келсем сен деп келем,

Мөп-мөлдір мейіріңе шөлдеп келем.

Сұңқар боп шырқай самғап Алатаудан,

Қиғаштап қанатымды сермеп келем.

Аңсаймын еркелеткен әлдиіңді,

Бойыма қанмен сіңген ән-күйіңді.

Сол әннен, сол әлдиден көкірекке

Жып-жылы күн нұрындай нәр құйылды.

Жайығым-аймақтағы бел-биігім,

Келбеттім,кереметім,кермиығым.

Алғашқы махаббатым сияқтысың,

Сен –менің жеке біткен жерұйығым!

Назарым бір өзіңе аударыла,

Құмарттым орман-тоғай,бау-бағыңа.

Айрықша алғысым сол: өз атыңды

Сыйладың менің жап-жас ауданыма.

Дүниенің көп те шығар ғаламаты,

Кейінің мәлім емес маған аты.

Алдыңа өлең болып келіп тұрған

Ақжайық ауданының азаматы.

 

 

Байсейітова Гүлфариза «Жайсаң жандар»

«Жыландымен жүздескенде» өлеңі оқылады.

Зульфия. Керек еді өзіңмен бір жүздесу,

Керек еді жоқтығы бір іздесу.

Керек еді шертіп көңіл пернесін,

Керек еді туыстарша тілдесу.

Біреулерге атың таңсық,Жыланды,

Біреулерге бесенеден ұнамды.

Бермен қара, бетінді бұр, мен білсем,

Жылан емес, даңқынды адам шығарды.

Өзіңде бір жылылық бар, Жыланды,

Рахмет саған: тудың ақын ақиық,

Жаны жайсаң, жомарт жүрек Жұбанды.

Кешір мені! Кешіре гөр, Жыланды.

Мен қаншама болсам-дағы шыдамды,

Топырағыңа тиген шақта табаным.

Көзім мөлт-мөлт моншақ шықпен шылаңды,

Серпе алмадым жанарымнан тұманды.

Кешір мені! Келе алмадым ертіп мен

Дара дарын, дана ұлың Жұбанды!

Өлеңтім-ау, сен де кешір: өтініш,

Жетпісіне жеткізе алмай Жұбанды.

Ляззат. Өзегімді өртеді ғой өкініш!

Өзен атын өзгертпестен қалдырып.

Жұбан атын совхозына сыйладың,

Перзентіңе ескерткіштей мәңгілік.

Өңкей менің жерлестерім жан-жағым,

Арасында алаулаған ақ жалын.

Сол еді ғой қимас жолдас,дегдар дос,

Жалау етіп желбіретем арманын.

Сұр шинельді сұрапыл шақ есімде,

Қырық екінші жыл, тамыздың бесінде.

Жайраң қаққан жылы жүзді Жұбанды

Көрдім алғаш Рядчиноның кешінде.

Қаһарлы шақ от құшағын ашты анық,

Ортақ тірлік жеркепеде басталып,

Жаттық біздер жамылып бір шинельді,

Бір шинельді басымызға жастанып.

Жап-жас жігіт, тегеуріні темірдей,

Бойы сұңқар, қап-қара шаш көмірдей.

Лейтенантқа сұқтанбаса шараң жоқ,

Үңілгенде өңіне оның өндірдей.

Динара.Таңырқаса, қасын әнтек қағатын,

Шамырқанса, көзі шоқтай жанатын.

Китель кисе көркіне сай сымбатты,

Аздап қана Шоқанға ұқсап қалатын.

Жігіт еді қыз біткенге ұнайтын,

Сұлулардың жүрегін жүз бұрайтын.

Оңтайлы еді махаббаттың тіліне,

Кісі емес-ті жұрттан ақыл сұрайтын.

Іштен тынып, талай-талай байқадым,

Сағынатын ол өзінің Тайпағын.

Ақ Жайықтай ағындайтын жыр долы,

Ойы ораса Орал дейтін байтағын.

Жас комиссар-жас қаламгер ол енді,

Газетшілер легінде де еленді.

Майдан тілі сөйлейтұғын қазақша,

Тілшіге де, ақынға да кенелді.

Тілші шіркін мұндай сергек бола ма?

Жазда жаурап, қыста аязда тоңар ма?

Қарағайға сүйеніп те жазатын,

Жазатын ол отыра қап томарға.

Роза. Соғыс бітті. Зұлым жауды жеңгенбіз.

Өрт ішінен елге есен келгенбіз.

Тұра қалдық Сәбит,Тайыр сапына,

Өлең-жырдың азабына көнген біз.

Қос капитан, нағыз жігіт кезіміз,

Неткен жіті десеңізші көзіміз:

Алматыда София мен Ғайниды

Сан сұлудан таңдап таптық өзіміз.

Бұл өмірден ала білдік сыбаға,

Әке атандық, ұрпақ өспей тұра ма?

Немере де сүйдік ұдай сүйсініп,

Өнердегі Өнердегі орнымызды сұрама.

Мен сөзімді аяқтауға таяумын,

Шешенсімен, ол Жағына баяумын.

Кіндік қаны тамған ақын досымның,

Жыр анасы, есен боп тұр, аяулым.

Саған салар қолқам да бар,Жыланды,

Деп жүрейін: ықыласымды құп алды.

Иісін де алпыс екі тамырың,

Туған елге сыйла жаңа Жұбанды!

 «Көріп келем»

 

Көргенім жоқ өмірден түніліп те,

Тірі жүріп өліп те, тіріліп те.

Бірталайын адамға тиістінің.

Көріп келе жатырмын тірілікте.

Көріп келем дүниені, көріп келем,

Туған елде терек боп көріктенем.

Бұрқырайды қуатым тұла бойда,

Жүген үзіп жөнсізге желікпеген.

 

Көріп келем, достарым, көріп келем.

Маған тиген сыбаға аз демеймін,

Керек болса сендерге бөліп берем.

Мен өмірге мың есе разымын,

Таттым дәмін қызықтың біразының.

Қарыздармын қашан да өмір,саған,

Сенен ғана табамын жыр азығын.

 

 

 

 

 

Латипов Мұратбек

  « Шерулі шақтарға шегініс»

Ауызымнан шықпаған сөз : «кәрімін».

Мен бүгінде атадан да әрімін.

Шегінейін шақтарыма шерулі,

Исі аңқысын жырдан түтін,дәрінің.

Жаяу әскер жауды қусын тақымдап,

Зеңбіректер сөйлеп кетсін сақылдап.

« Илюшиндер» көктің бетін бүркесін,

Айқастарда «мессерлерді» алқымдап.

Лек-лек танкі қарағаштай қаптасын,

Эскадрон тұлпарларын баптасын.

Көлденеңнен көшелерге жапсырып,

Ленинград Жамбыл жырын жаттасын.

Шайқастардың шартын менен сұрама,

Сипаттауға шамам жетпес, сіра да.

Бауыржан жүр белден кешіп өрт селін,

Ол басқарған тоғызыншы құрама.

Жөңкіген қол жосылғанда жұптасып,

Алдиярлап ауыл,қала құптасып.

Мәншүгіміз кесте шегу орнынан

Баса берсін пүлеметтің тұтқасын.

Әскерлердің көрген кезде нөпірін,

Сапер дереу орнатпас па көпірін.

Қарбаласта қарекетте,қимылда.

Қажетті не қара күштін өпірім?

Дзоттардың тығындаған көмейін,

Батырлардың үстем болсын мерейі.

Жаралының жанашыры, майдангер

Мейірбике, сені ер демей, не дейін?!

Дәуір кештік қаһары да дабылды,

Қан жұтқызған қасіретті, дауылды.

Сенсің, Солдат, жұмыскері Жеңістің,

Арқалаған адам төзбез ауырды!

Асқарова Ботагөз

  «Ешқашан да қайталанбас қырық бір».

Сездіңдер ме, сергектердің ұрпағы!

Дүние бүгін елең қағып тұр дағы.

Көкжиектен сығалайды бір үрей,

Таптаймын деп ойпаң менен қырқаны.

Есерсоқтар еліреді есіре,

Глобусқа төніседі тесіле,

Жасасады жаңа жорық жоспарын,

Қырық бірді түсіреді есіне.

Мәлім бізге:неден олар дәмелі,

Аз болып па фашизмнің әлегі.

Оңай ғана опырамыз дей ме екен,

Өңкей батыр- отандастар әлемін!

Аспан-көкті бір қара бұлт торлайды,

Ракеталар қанаттарын қомдайды.

Тарих куә-қырық бірге құштарлар,

Қабырғасын қаусатады!Оңбайды!

Жоқ ешқашан қайталанбас қырық бір!

Қарай алман бұған көзді жұмып құр.

Қайталанбас жиырма екісі июньнің!

Заман басқа! Заңын зерде ұғып тұр!

Ерлік елі үрпиісіп үрікпес,

Ынтымақтан күш-қайратын ірікпес.

Ей, мырзалар! Аптықпандар анталап,

Ең алдымен есте болсын Қырық бес!