1791-1838
Исатай Тайманұлы (1791-1838) – ұлттық батыр, 1836-38 ж. Батыс Қазақстан аймағында өрбіген ірі ұлт-азаттық көтерілістің басшысы. Тегі — беріш руынан, Ағатай батырдың ұрпағы. Ел басқару ісіне ерте араласқан. Парасаттылығымен, батырлығымен, шыншылдығымен руына ғана емес, бүкіл аймаққа беделді болды. Хан оны беріш руына старшын сайлады, шұрайлы жерлерден қоныс берді, Исатай сынды батырларына арқа сүйеді. 1833 ж. Жөңгір ханның Каспий жағалауындағы руларды екіге бөліп, бір жағын қайын атасы, ірі жер иленуші, саудагер Бабажанов Қарауылқожаға басқартып қойғаны халықты ашындырды. Исатай Қарауылқожаның озбырлығына тыйым салуды ханнан батыл талап етті, өзі хан өкімдеріне бағынудан бас тартты. 1836 ж. 17наурыздахан бұйрығы бойынша Қарауылқожа 500-дей қолмен Исатай батырды ұстауға шықты. И. 200 адаммен оған қарсы аттанды. Бетпе-бет келгенде бес адам (И., Махамбет Өтемісұлы, Үсе Төлегенұлы, Тінәлі Тайсойғанұлы, Үбі Үсеұлы) ата-баба жолымен қарсыластарын жекпе-жекке шақырды. Олардан сескенген Қарауылқожа кейін қайтуға мәжбүр болды. Исатай 1836 ж. шілдеде 17 адаммен ел талабын ханға білдіруге бара жатқанда оған жол-жөнекей 100 шакты адам келіп қосылды, бұл батырдың соңына ерген алғашқы топ еді. Батыр 1836-37 ж. Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовскийге, 1837 ж. 2 қарашада Жәңгір ханға жазған шағым хаттарыңда қара халыққа жасалған киянаттарды атап көрсетті. Оған біраз рулардың адамдары қол қойған. Тексеру жүргізілгенімен Исатай батырдың талаптары ескерусіз қалды. Содан соң ол халықты қарулы көтеріліске бағыттады. 1836 жылдың аяқ шенінде Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы халық Қарауылқожа мен Балкы биге бағынудан бас тартты. 1837 жылдың қазанына дейін беріш, байбақты, ысық, адай, жаппас, т.б. рулардан мыңнан астам үй Исатай қол астына көшіп кедді. 1837 ж. 3500-дей қол жинап, ашық көтеріліске шықты да, екі жұмаға жуық хан ордасын камауға алды. Бұл көтерілісті 1837 ж. 15 қарашада Геке басқарған 1200-дей патша әскері басып тастады. Осы соғыста Исатайдың баласы әйелімен қаза тапты. Күші басым қарулы қолға төтеп бере алмай, М. Өтемісұлы, т.б. сенімді 40 жолдасымен түн ішінде, тосқауылды бұзып, Жайықтан өтіп кетті. Исатай қайтадан 3 мыңдай қол жинады. Кіші жүздің батыс жағындағы руларға хан болуды көксеп, Хиуа ханның көмегін күтіп жүрген Қайыпқали төремен уақытша келісті. Қайыпқалиды хан тағына отырғызу үшін емес, тек өзінің қолын нығайтып, жауды жеңудің жолын қарастыру үшін осындай келісімге келді. Жайықтың сол жағындағы елден қол жинап, шешуші айқасқа шыққан батыр қапыда жау қоршауына түсіп, ұрыс үстінде қаза болды.
Әдебиеттер:
- Қазақ ССР тарихы, 1-т., А., 1957
- Савичев Н., Исатай Тайманов – старшина Внутренней Орды //Уральские войсковые ведомости, 1876, N 42-51, 1877, N1
- Русско-казахские отношения, т. 2, А.-А., 1967
- Әнес Сарай, Исатай-Махамбет, А., 1997
- Кенжалиев И. Исатай Тайманұлы, А., 1977

