Иван Петрович Зрелов 1924 жылы 20 қаңтарда Калинин облысы Ржев ауданының Появилов деревнясында шаруа отбасында дүниеге келген.

1941 жылдың маусымында Иван Зрелов полк баласы, барлаушылар взводының жауынгері атанады.

Иығына қару асынған жауынгер біраз майдан жолын шарлады, көптеген жорыққа қатысты, әскери әдістерді үйрене жүріп, батыл, ержүрек болуға үйренді. 1943 жылы ол кіші лейтенант курсын оқып бітірді. 266-атқыштар полкі (93-атқыштар дивизиясы, 57-армия, 3-Украин майданы) автоматшылар взводының командирі, лейтенант Иван Зрелов 1944 жылдың 22 наурызы күні Оңтүстік Буг өзенінің оң жағалауындағы биіктікке бекініп алған жауды құртып, бекіністі ұстап тұруға бұйрық алады. Бұл кезде немістер сол тұстан өзен арқылы өткел жасай бастаған болатын. Біздің әскерлердің алдына олардың алдын орап, маңызды тұсқа бұрын жету мақсат етіп қойылды. Жау жақтан бораған оқтың астымен алғашқылардың бірі болып Зрелов өзеннен жүзіп өтті. Взвод Николаевский облысының Арбузинский ауданының Константиновка селосы тұсында Оңтүстік Бугтың оң жағалауындағы аймақты басып алып, жауды ығыстырып, сол биіктікті ерлікпен қорғап тұрды. Осы биіктік үшін үш тәулік бойы аяусыз айқас болды, алайда кеңес әскерлерінің қарсылығына қарсы немістердің шыдамы жетпеді. Осындай ұрыс қимылдары кезінде Иван Зреловтің тапқырлығы мен дұрыс шешім ала білуі, плацдармды алудағы ерлігі және биіктікті қорғап тұруы елеусіз қалған жоқ. Оған 1944 жылдың 3 маусымы күні Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейін Иван Петрович Зрелов ІІМ органдарында қызмет етті. 1955 жылы капитан Зрелов запасқа шығады. Ленин орденімен, медальдармен марапатталады. Өмірінің соңына дейін Теректі ауданының Федоров ауылында тұрып, еңбек еткен. Ол 1983 жылдың 18 сәуірі күні қайтыс болды.

Әдебиеттер тiзiмi

1975 жыл
1.Ұлы Отан соғысы және еңбек ветерандарымен кездесу: [Совет Одағының Батыры И.П. Зреловпен кездесу] // Орал өңірі.-1975.-8 мамыр.

1985 жыл
2.Орынбасаров Қ. Буг бойындағы ұрыс: [Ақ жайық өңірінің батыры И.П.Зрелов туралы] // Орал өңірі.-1985.-3 сәуір.

2010 жыл
3.Зрелов Иван: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.- Алматы: Арыс, 2010.-302 б.
4.Зрелов Иван: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.- Алматы: Өнер, 2010.-96 б.
5.Зрелов Иван: өмірдерек // Жеңімпаздар. Победители.-Орал, 2010.- 21 б.