1921 жылы 24 ақпанда Калуга облысы Дзержинск ауданы Куровское деревнясында дүниеге келген И.Коняхин 1938 жылы он жеті жасында-ақ Минск жаяу әскерлер училищесіне оқуға түсіп, онда екі жыл білім алып, бітіргеннен кейін Белорус әскери округіндегі бөлімдердің бірінде қызмет етті.
Ол – соғысты шекара шебінде тура 22 маусым күні алғаш қарсы алғандардың бірі.

Брянск орманында болған қорғаныс ұрыстарының бірінде взвод командирі ауыр жараланды. Владимир облысындағы Муром қаласында емделіп шыққаннан кейін Иван 1943 жылға дейін запастағы полкте қызмет етті. Сол жылғы маусымда қайта майданға аттануға тура келді.

1943 жылдың күзінде Десна өзеніндегі шайқастағы ерлігі үшін рота командирі И.Коняхин Александр Невский орденімен марапатталды
І Белорус майданындағы 47-армия 143-Қызыл тулы Суворов орденді Конотоп-Коростень дивизиясының 487-атқыштар полкіне келді. Ковель қаласының түбінде тағы батырлығымен көзге түскен батальон командирінің орынбасары екінші дәрежелі Отан соғысы орденін өңіріне тақты.

Висла өзені бойынде жаудың бетін қайтарып, полктің өзеннен өтуін қамтамасыз еткені үшін батальон командирі, аға лейтенант И.И.Коняхинге Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 27 ақпандағы Жарлығымен Батыр атағы берілді. 487-полк бойынша он бір адам осындай жоғары атаққа ие болды.

Батальон бұдан кейін Бромберг, Дойч-Кроне, Шнайдемюль қалаларын алуға қатысып, 1945 жылғы сәуір айының басында Одерге шықты.

Берлинге бар болғаны алпыс шақырымдай қалған-ды. Батальон басқарған Батырдың алдына жаңа міндет қойылды. Олар дивизия мен полктің алдыңғы шебіне орналасып, қараңғы түсісімен шабуылға даяр тұрды. 16 сәуірге қараған түні сағат 03-те жер тітіреткен кеңес әскерінің артиллериялық дайындығы басталды. Бір сағаттан кейін танктермен бірге жаяу әскерлер шабуылға көтерілді. Гитлершілдердің жанталаса қарсыласқанына қарамастан, батальон артиллерияның қолдауымен 5-6 шақырымдай алға жылжыды. Ал түнде оған тағы екі-үш шақырым қосылды. Шабуыл келесі күні де толастаған жоқ. Осыдан кейін дивизия командирі М.М.Зайкин екі күн ұйықтамаған бұларды резервке шығарып, демалуға бұйрық берді. Бірақ кеңес танкілері Берлинге кіре бастаған мезгілде комдив бұған батальонымен тез жетуді бұйырды. Қала көшелерінде басқа да бөлімдермен тізе қосып, кескілескен ұрыс жүргізген И.Коняхиннің батальоны 1 мамыр күні Ратенов қаласына қарай қозғалды. Батырға тағы бір жауынгерлік награда Қызыл Ту ордені табыс етілді. Олар 8 мамырда Эльбаға жетіп, Жеңісті сонда қарсы алды. И.И. Коняхин барлығы 11 жауынгерлік орден, алты медальмен марапатталды.

Соғыстан кейін де шайқастарда шыңдалған тәжірибелі командир КСРО Қарулы күштерінде қызмет етті. М.Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген И.Коняхин полковник шеніне дейін жетіп, полк командирі, сосын дивизия командирінің орынбасарлығына дейін көтерілді.

1962 жыл Иван Коняхиннің өміріне күрт бетбұрыс әкелді. Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облыстық әскери комиссары болып тағайындалған ол осынау жауапты қызметті 1977 жылға дейін абыроймен атқарды. Он бес жыл мерзім ішінде өңірде ел қорғайтын сардарлар мен сарбаздарды тәрбиелеу ісіне сүбелі үлесін қосты. Атағы асып тұрса да, байсалдылығынан, қарапайымдылығынан танған жоқ. Бедел биігінен түспей, съезд делегаты, халық қалаулысы атанды. Отставкадағы полковниктің Оралға бауыр басқаны сондай, осында біржола тұрақтап қалды, 1989 жылы топырақ та осы жерден бұйырды.

Бүгінде Орал қаласындағы көшелердің бірі Кеңес Одағының Батыры И.Коняхиннің есімімен аталады. Сондай-ақ шаһарда Батырды еске алуға арналған нысана көздеуден мектеп оқушылары арасында жарыс өтіп тұрады.

Әдебиеттер тiзiмi

1975 жыл
1.Ұлы Отан соғысы және еңбек ветерандарымен кездесу: [Совет Одағының батыры И.И. Коняхинмен кездесу жайлы] // Орал өңірі.-1975.-8 мамыр.

1985 жыл
2.Сейтақов Ғ. Батальон бастаған батыр: [Ақ Жайық өңірінің батыры И.Коняхин жөнінде] // Орал өңірі.-1985.-16 наурыз.

1989 жыл
3.Коняхин Иван Иванович: қазанама // Орал өңірі.-1989.-3 қаңтар.

2005 жыл
4.Коняхин Иван: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-23 б.

2010 жыл
5.Коняхин Иван: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.- Алматы: Арыс, 2010.-320 б.
6.Коняхин Иван: өмірдерек // Жеңімпаздар. Победители.-Орал, 2010.-21 б.