Маширова Жұмағаным Қабдығалиқызы 1969 жылы 9 қаңтарда Жаңақала ауданының Қисық-Қамыс ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Жаңақала орта мектебін бітіріп, Орал қаласындағы Мәдени ағарту училищесіне кітапхана мамандығы бойынша оқуға түсіп, училищені 1987 жылы аяқтап, Жаңақала ауданындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты № 9 филиал ЛПУ қалашығындағы жатақхананың кітапханасында алғаш рет еңбек жолын бастаған. 1990 жылға дейін осы кітапханада жұмыс жасап, 1990 жылдан Жаңақала аудандық балалар кітапханасында кітапханашы, 2006 жылдан 2011 жылға дейін аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі, қазіргі таңда балалар кітапханасының әдістемеші болып еңбек етіп келеді.
Көп жылдар бойы аудандық балалар кітапханасында кітапханашы, бөлім меңгерушісі жұмыстарын атқарды. Сонымен қатар бірнеше жылдар бойы қоғамдық жұмыс аудандық сайлау комиссиясының белді мүшесі, 2012 жылы аудандық кітапхана жанынан құрылған А. Ишанов атындағы «Жас қалам» жас ақындар клубының жетекшісі қызметін жүргізді. Кітапханада балалармен жұмысты алға қою бағытында өте жақсы жұмыстар атқарып, өзін іскер маман ретінде көрсете білді.

Облыстық, республикалық зерделі кеңестерге, семинарларларға, конференцияларға қатысып іс-тәжірибе алмасты. 2002-2004 жылдары М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің «Мәдениет және өнер» институтының жанындағы «Кітапхана және библиография» факультетін сырттай оқып тәмәмдады.
2000 жылы кітапхана қызметкерлері арасында өткен облыстық байқауда «Үздік кітапханашы -2000» атағына ие болды.

Ж.Қабдығалиқызына кітапхана саласына сіңірген еңбегі үшін 2014 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет Министрлігі, Батыс Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы А. Батырхановтың Құрмет грамотасы, 2019 жылы «Қазақ мәдениетінің майталманы» төсбелгісі, 2021 жылы «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгімен табысталды. Облыс, аудан әкімдігінің, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылым кітапхананың, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының алғыс хаттарымен марапатталды.