«Кітап сыйла, дос тап» атты кездесу кеші жоғары деңгейде өтті.
«Кітап сыйла, дос тап» атты кездесу кеші жоғары деңгейде өтті.
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасы мен 71Z бірлестігі бірлесе ұйымдастырған «Кітап сыйла, дос тап» атты кездесу кеші жоғары деңгейде өтті.
Шараның негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу және оқырмандар арасында мәдени байланыс орнату. Кеш аясында кітап жәрмеңкесі, «Менің сүйікті кітабым» атты арнайы бұрыш, арт-терапия бағытындағы шеберлік сабағы, спикерлермен ашық диалог алаңы және жаңа әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылды.
«Менің сүйікті кітабым» бұрышын Д.Т. Махутова жүргізсе, арт-терапия шеберлік сағатын А.А. Узакаева өткізді. Ашық диалог алаңын М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті 1 курс студенті Н.С. Сағынов жүргізді.
Ашық диалог алаңының қонақтары – Х.Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы кітапханашысы, педагогика ғылымдарының магистрі Ж.Т. Мухамбетжанова және Kitap al.oral жобасының басшысы Б.Ж. Дүйсенәлі. Қонақтар кітап оқу мәдениеті, тұлғалық даму және заманауи қоғамдағы кітаптың рөлі жөнінде ой бөлісіп, қатысушылардың қызықты сауалдарына жауап берді.
Кездесу кеші аясында кітап сыйлау және кітап алмастыру жеребесі ұйымдастырылып, оқырмандар бір-біріне кітап сыйлап, жаңа туындылармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сыйға тартылған кітаптар кітапхананың арнайы кітап бұрышына орналастырылды.
Шараға 71Z бірлестігінің жетекшісі С.Т. Игизғали, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Парасат» ақпараттық-білім беру орталығының кітапханашысы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті филология факультетінің 1 курс студенті Ж. Салимова, Құрманғазы атындағы саз колледжі оқытушысы Г.А. Тоқтарова және кітапхана ісі мамандығының 2 курс студенттері қатысып, білім мен мәдениеттің дамуына үлес қосып, кітапхана қорына өз кітаптарын сыйға тартты.
Қатысушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және есте сақтау қабілетін дамыту мақсатында «Бір әріп – бір кітап» атты ойын ойнатылып, белсенді оқырмандарға сый-сияпаттар табысталды.
Тағылымды кеш соңында кітапхана директорының орынбасары Н.А. Сағынова мерекелік шараға шақырылған қонақтар мен барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, кітаптың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.







Пікір үстеу