«Өлкенің тарихи тұлғалары»
«Өлкенің тарихи тұлғалары»

Бүгін 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен М.Мәметова алаңында «Өлкенің тарихи тұлғалары» жобасы аясында «Батыстың батыр қыздары» атты Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың 100 жылдық мерейтойларына орай тарихи-танымдық «Ерлік эстафетасы» өтті.
Қазақтың үш бірдей батыр қызы, Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова ескерткішіне БҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қ.Ж.Мұханғалиев, ҚР Мәдениет қайраткері С.Е.Танабаева, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚУ-нің доценті, тарих ғылымының кандидаты Б.С.Боранбаева және Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист, тележүргізуші М.М.Балмолда гүл шоғын қойып, тағзым етті.
БҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қ.Мұханғалиев алғы сөз сөйлеп, шараға жиналған көпшілікті Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Шара барысында Хиуаз апамыздың көзін көріп, сұхбаттасу бақыты бұйырған С.Танабаева естелігімен бөліссе, «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» атты кітап жазған Б.Боранбаева мен батыр қыздарға өлең арнаған М.Балмолда қан майданға қатысқан жерлестеріміз жөнінде әңгімелеп берді.
«Ерлік эстафетасында» Отан, ерлік туралы өлеңдерін оқылып,мерекелік әндер шырқалды. «Арулар отты жылдарда» атты кітап көрмесі шығарылды.
Меркелік іс-шара «ҚР өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, ЖШО-ның әншісі Медет Оразовтың орындауында «Тәуелсіздік байлығым» әнімен қортындыланды.
Бұл ерлік эстафетасы Жұбан кітапханасының ұйымдастыруымен Мәншүк Мәметова атындағы №27 физика-математика бағытындағы лицейде, Мәншүк Мәметова атындағы музей үйінде, Хиуаз Доспанова атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектепте, Хиуаз Доспанова атындағы көшеде жалғасатын болады.
Пікір үстеу