Облыстық филармонияның жанындағы “Орал сазы” фольклорлық-этнографиялық ансамбілі 1991 жылы ежелден келе жатқан ұлттық музыка аспаптары мен әндерді насихаттау мақсатында құрылды. Ұжымға әр кезеңдерде жетекшілік еткен Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы мәдениет институты мен Дәулеткерей атындағы өнер институтының түлектері Сайын Ғұбашев, Думан Байтілеуов пен Алмагүл Жұбатовалардың еңбегі аса зор.
1997 жылы Түркияның Искендерун қаласында өткен XVI фольклорлық-этнографиялық халықаралық фестивальға Қазақстан Республикасы өнер ұжымдары атынан қатынасқан ансамбіл, ұлттық музыкамызды насихаттағаны үшін дипломант атанып, елге үлкен абыроймен оралды.
Ал, 2002 жылдан бастап ансамбілдің көркемдік жетекшісі болып Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі, облыстық Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрінің дирижеры Еркін Нұрымбетов тағайындалды. Ансамбіл құрамында жоғары білікті 11 музыка мамандары қызмет атқарады.
“Орал сазы” ансамбілі гастрольдік сапарлармен Батыс Қазақстан облысының көптеген аудандарында, Алматы, Астана қалаларында және Ресейдің Саратов, Астрахань, Самара, Тұзтөбе қалаларында өнер көрсетті.
“Орал сазы” ансамбілінің репертуарында түрлі домбырашылық дәстүр мектептерінің күйлері бар. Атап айтқанда, ансамбіл дәстүрлі Батыс Қазақстандық төкпе күйлерімен қатар Сыр елінің, Арқаның, Жетісу аймағының, Шығыс Қазақстанның шертпе күйлерін, қазақ, орыс, кырғыз, түрік, татар халықтарының әндері мен шетел классиктерінің шығармаларын да шебер ойнайды. Сонымен қатар, бұл музыкалық ұжым Қазақстан композиторларының: А.Жұбанов, Л.Хамиди, Е.Брусиловский, Н.Тілендиев, Б.Жұманиязов, К.Күмісбеков, А.Жайымов, Е.Үсенов, Е.Хасанғалиев, І.Жақанов, Т.Шәмелов, Д.Қажымовтардың т.б. композиторлардың шығармаларын халыққа насихаттайды. Ансамбіл құрамында аймақтық, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары, орындаушылық өнердің жас жұлдыздары – әншілер Дария Бақытова, Майра Хайдарова, Күләш Қуанышқалиева, сыбызғышы Мәдениет Меңдіғалиев, домбырашылар Алмагүл Жұбатова, Бану Мәлікова, бас домбырашы Ғират Шәріпқалиев, бас қобызшы Асқар Құбашев – сынды өнер иелері бар.
Өзіндік үні, бояуы, ұлттық киімдері және домбыра, қобыз, сазсырнай, сырнай, бас қобыз, шертер, тұяқтас, шаңқобыз, қоңырау, сыбызғы сияқты музыкалық аспаптары бар “Орал сазы” ансамбілі филармонияның барлық концерттері мен қала, облыс, республика деңгейінде өткізілудегі мәдени іс-шараларға белсене қатынасады. Ансамбіл 2002 жылы III облыстық “Дала дарындары” байқауына қатынасып, лауреат атанды. Ал, 2003 жылы, қыркүйек айында Украинада өткен “Ялта – 2003” халықаралық фестиваліне қатынасып, дипломант атағына ие болды.

