Көрнекті әнші, композитор, Қазақстанның Халық артисі Құрманғалиев Ғарифолла 1909 жылы Қаратөбе ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. Ерте анасынан ерте айрылған Ғарифолла Құрманғалиев немере ағалары Ғұбайдолла мен Хамидолланың қолында тәрбиеленеді. 10 жасынан домбыра тартып ән сала бастайды. Өзі туып-өскен өңірдің мақтанышы Мұхит Мерәліұлының өнерін бойына сіңіруге ниет қылып, оның туыстары Шынтас пен Шайхыға жолығады, ән үйренеді. Ақтөбе, Орынбор, Атырау, Орал өңірлеріне Мұхит әндерін насихаттайды. Құрманғалиев Ғарифолла 1928 жылы ауылдық Кеңестің хатшысы, одан соң бригадир, ұжымшар басқармасының төрағасы болды. 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетіне қатысып, сол жерде Опера және балет театрына қабылданған. Ол Елемес, сақан, Жарас, Шеге, Естай, Нарымбет образдарын шебер сомдады. Ұлттық операның негізін қалаған көрнекті өнер қайраткерлерінің біріне айналды. Халықтың, әсіресе Мұхиттың әндерін нәшіне келтіріп орындау арқылы бүкіл қазаққа танымал болды. Сондай-ақ өзі де әндер шығарды. Олар: «Ақжайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін, туған өлкем» т.б. Қазақ әндерін орындауда ешкімге ұқсамайтын мәндері бар тіртуар дарын иесі Құрманғалиев өнерпаз жастарды баулып, өзінің тамаша мектебін қалыптастырды, сөйтіп ұлттық кәсіби ән өнеріміздің дамуына баға жетпес үлес қосты. Республикалық эстрада студиясында ұстаздық ете жүріп, талантты әншілердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында Ж.Сәрсенғалиев, Қ.Рахимова, Қ.Орашева, С.Рахметжанов, С.Әбдірахманов, т.б. әншілер бар. 1967 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Республикалық өнер және цирк студиясында ұстаздық етті. «Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл ту ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.