Шалқар – Жайық алабындағы көл. Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы жерінде. Теңіз деңгейінен 16,7 м биіктікте. Ауданы 205,8 км2, ұзындығы 18,4 км, енді жері 14,7 км, орташа тереңдігі. 4,8 м, ең терең жері 13 м, суының көлемі 1 млрд м3, жағалауының ұзындығы 57 км. Көл шарасы эллипс тәрізді. Жағалауы құлама жар. Су жинайтын алабының оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігі төбелі-белесті, қалған жері жазық келеді. Бетегелі-бозды, жусанды өсімдік басым өскен алабы – мал жайылымы. Көл қар, жаңбыр және жерасты суымен толығады. Шалқарға шығысынан Шолаңқаңқаты, Есенаңқаты өзендері құяды. Оңтүстік батысынан Ащыөзен ағып өтеді. Сазан, табан, көксерке балықтары ауланады. Шалқарды жергілікті тұрғындар «Кіші теңіз» деп те атайды. Көлде аққу, қаз, алуан түрлі үйректер, қоқиқаз, шағала, бірқазан мекендейді.
Шалқар көлі
просмотров: 1

