«Жайықтың жыр – Маржаны» атты кездесу кеші
«Жайықтың жыр – Маржаны» атты кездесу кеші
access_time10.02.2025
perm_identity
Posted by admin
folder_open
Жаңалықтар
Бүгін 10 ақпан кітапханада ақын, аудармашы, прозаик, драматург, сатирик, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі (Түркия), Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ершу Маржан Аманқосқызымен «Жайықтың жыр – Маржаны» атты кездесу кеші өтті.
Шараны Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қамбетов Медхат Мұсаұлы құттықтау сөз сөйлеп ашты. Кеш барысында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Орал қаласының құрметті азаматы Нәріков Айтқали Нұрышқалиұлы мен жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шүйіншәлиева Мира Хамзақызы қаламгердің бес кітабының тұсауын кесіп, авторға шығармашылық табыс тіледі.
Атырау қаласынан арнайы келген қонақтар ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының, Ұлыбританиядағы Eurasian Creative Guild шығармашылық Одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналының Бас редакторы Ниетқалиева Гүлзада Рахметқызы қаламгер шығармашылығына терең талдау жасаса, өнертану кандидаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық конкурстардың лауреаты, қазақ музыкасы туралы кітаптардың авторы, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің артисі, қобызшы Ақнар Тәттібайқызы Ықылас Дүкенұлының «Қорқыт» күйін ерекше шеберлікпен орындап, тыңдармандарға терең әсер қалдырды. Өлкетанушы Асылбек Сейталиев Дина Нұрпейісова туралы зерттеу жұмыстарымен таныстырды. Сонымен қатар Атырау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Жоламанов Әбіл Тауфихұлының алғыс хатын Атырау жастар театры басшысы Әміржан Нұрланұлы табыстады. Кеше ғана театр сахнасында көрерменге жол тартқан «Дина» қойылымында Д.Нұрпейісованың бейнесін сомдаған талантты актриса, «Парасат» орденінің иегері Жұбатова Нүргүл Өтемісқызы өз рөлін сомдаудағы тәжірибесімен бөлісіп, шығарманың терең мазмұны туралы әңгімелеп берді. Кеш қонағы Маржан Ершу Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханаға келгесін әңгімесін әкесінің Жұбан Молдағалиевке арнап жазған өлеңімен бастап, кейін өз шығармашылығы турасында әңгімелеп, өлеңдерін оқыды. Әдеби жүздесуге келіп, Дина анамыздың күйін орындап берген оқырманға қаламгер Маржан Аманқосқызы батасын берді.
Кешті тележүргізуші, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Хамза Жандос Жанұзақұлы кәсіби түрде жүргізіп, шараның жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосты. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Азат Қабиевтің орындауындағы «Жайық қызы» әнімен кеш қортындыланды.







Пікір үстеу