Кітапхананың заманауи келбеті
Кітапхананың заманауи келбеті
access_time28.03.2025
perm_identity
Posted by admin123 admin123
folder_open
Жаңалықтар
Кітапхананың заманауи келбеті
Бүгін аудандық кітапхананың модернизациядан өтуіне байланысты ауқымды шара басталды. Ашылу салтанатынан соң аудан меймандары мен жиналған жұртшылық жаңаша келбетте жаңғырған кітапхананы аралап шықты.
Мұнда келушілерді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева қарсылап, қошеметтеді.
«Қазақстан халқына» және «Тана» қоғамдық қорларынан қаржылай және материалдық қолдау көрсетіліп, жаңғырған кітапхананың жұмысы да жаңа форматта жүйеленген. Мұнда дыбыс жазу студиясында кез келген жанға подкаст жазып, жарнама жасау, радио желілеріне интервью жазуға мүмкіндік жасалған. Осыдан кейін таныстырылған медиатека алаңдарында ғаламтор желісі арқылы электронды түрде оқырмандардың сұраныстарын орындап, аудиокітап тыңдау, компьютерлік сауаттылықты меңгеруге толық жағдай жасалыпты.
Кітап оқу алаңының да оқырмандарға берері көп: осында кітап марафондары, шығармаларды талқылау, оқу челлендждері мен интерактивті шаралар өткізіледі. Яғни бұл алаңды кітапсүйер қауымның бас қосатын жері деп атауға толық негіз бар. Оған жалғас тұрған еркін шығармашылық алаңында оқырман түрлі көркемдік және креативті жұмыстармен айналысып, ескі кітапқа жаңа өмір сыйлап, кітапхана ісіне өз үлесін қоса алады.
Балаларға базарлығы да мол жаңа кітапхананың. Айталық, ұл-қызға арналған бөлімде олар шығармашылық қабілеттерін шыңдап, жаңа білім алып, сонымен қатар ойын ойнап, жетіледі. Атап айтсақ, осы кеңістікте интеллектуалдық және дамытушы ойындар, үстел теннисі, логикалық тапсырмалар мен интерактивті аймақтар орын тепкен.
Кітапхананың төл «Ана мен бала» жобасы да кітапханадан көрініс тауыпты – арнайы алаңда баласын рухани ордаға ерте келген аналар ертегі оқып, пайдалы дәрістерге қатысады.
Кітапхана мен оқырманның рухани байланысын нығайтуда маңызды қадам – «Руханият кеңістігі» сандық форматтағы көрме. Мұнда оқырман кітапхана есімін иеленген ақын Сағынғали Сейітов туралы деректерге қанығып, руханият ордасының өткені мен жетістіктеріне шолу жасай алады. Ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған арнайы аймақ та қарастырылған.
Кітапхананың нағыз демалыс орталығына айналғаны соншалық, мұнда енді домбыра тартуды үйреніп, караокеде ән шырқап, синтезаторда әуен ойнауға болады. Мұның бәрін шығармашыл оқырман демалыс аймағынан табады.
Жаңа идеялар мен технологиялар алаңында ІТ дағдыларын меңгеріп, ғылыми-танымдық зерттеумен айналысып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасалса, Парасат кеңістігінде оқырмандар еркін отырып, кітап әлеміне ене алады. Коворкинг ретінде жаңғыртылған алаңда шағын форматтағы түрлі шараларды өткізіп, отбасымен бірге кино қарап, дебат форматында талқылаулар өткізуге болады. Сонымен қатар кітапхана мамандары меймандарды «Дәм&Дем» кофе зонасымен, презентация залымен таныстырды.
Таныстырылымнан соң шара мазмұнды басқосумен жалғасты.







Пікір үстеу