Жаңа қоғамның жаңа кітапханасы
Жаңа қоғамның жаңа кітапханасы
access_time28.03.2025
perm_identity
Posted by admin123 admin123
folder_open
Жаңалықтар
Жаңа қоғамның жаңа кітапханасы
Бүгінгі күн аудан руханияты үшін маңызды шарамен айшықталды. «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында аудандық кітапхана заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, оқырмандарға есігін айқара ашты. Осы игі істің атқарылуына «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлініп, жиһазбен жабдықтауға «Тана» қоғамдық қоры қолдау көрсетті.
Жаңа жұмыс форматына көшкен рухани орданың ашылу салтанатына «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, «Тана» қоғамдық қорының төрайымы Камила Лұқпанова, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, аудан әкімі Мұрат Сердалин, облыс аудандарынан кітапхана мамандары, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Меймандарды облыс ақыны Мейірман Шәкенов арнаумен қарсы алып, қошеметтеді.
Алдымен сөз алған Бақытжан Хаберұлы ауыл кітапханаларын мәдени-ағартушылық және демалыс орталықтары ретінде қайта құруда осындай соны істердің игілігі халыққа арналғанын атап өтіп, кітап оқитын зиялы ұлт қалыптастыруда маңызы зор болатынына тоқталды. Бұл жоба тек біздің өңірімізде пилоттық негізде жүзеге асырылуда. Игі іске ұйытқы болған қос қордың өкілдеріне Б.Нарымбетов ел атынан ризашылығын жеткізді.
Шарада ел-жұртты құттықтаған «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Алтынбекқызы қордың мұрындық болуымен өңірде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Топан судан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету, мәдени және рухани, әлеуметтік бастамаларды қолдауда қор әрдайым алда. Салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарызды сақтау, білім мен ізденісті шыңдауда кітапханаларға жүктелген міндетті ақтайтынына ол шынайы сенім білдірді.
«Тана» қоғамдық қорының басшысы Камила Лұқпанова жаңа кітапхананың заманауи қауымдастық орталығы болып құрылуы қай жастағы да оқырмандардың талғамынан шығатынын атап көрсетті. Еңбек ардагері, кітапхананың тұрақты оқырманы Құрман Бисеғалиев көпшіліктің атынан ақжарма алғысын жеткізді.
Осыдан соң жиналған қауым Сағынғали Сейітовтің рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.











Пікір үстеу