«Айтыс өнері: өткені мен бүгіні»
«Айтыс өнері: өткені мен бүгіні»
access_time24.02.2023
perm_identity
Posted by admin
folder_open
Жаңалықтар

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада 24 ақпан күні «Мирас» рухани танымдық орталығының «Айтыс өнері: өткені мен бүгіні» атты ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру бағытында жастармен кездесу кеші өткізілді.
Жайық өңіріндегі айтыс өнеріне 65 жыл толуына орай Жайықтың жыр додасын – айтыс өнерін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген айтыскер ақындарымыз бен өлкеміздегі дәстүрлі айтыс мектебінің шәкірттері, жас ақындар кездесу кешіне қатысты.
Іс-шараны ақын, ұстаз, Жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы өлкеміздегі айтыстың бастау алуы, алғашқы буын ақындар жайында айтып кешті әсерлі бастады. Тәуелсіздік алғанға дейінгі айтыстарда айтыскер ақындармен бірге термешілер де шақырылып, ақындарға қалай ұпай берілсе, термешілердің өнерін де қазылар алқасы бағалап, ұпай беріп отырған.Облысымыздың атынан талай республикалық байқауларда өнер көрсеткен ҚР мәдениет саласының үздігі дәстүрлі әнші, термеші Зияш Шайхықызы Амангалиева қатысып, терме орындады. Жаңақала ауданының тұрғыны, айтыс ақыны Қымбат Мұстажапқызының осы кешке арнап жіберген бейнеролигі көрсетілді. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ақпарат, басылым және жарнама бөлімінің басшысы Айгүл Шамекейқызы мен редактор Нұрлан Қуанышұлы айтыс өнерінің тарихы жайлы жалпы тоқталып өтсе, айтыскер ақын Ерікқали Меңдібайұлы мен айтыс ақыны, Тасқала аудандық кітапхана директоры Айгүл Серікбайқызы өздері қатысқан кездегі айтыс өнері жайлы әңгімелеп берді. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Абай» медалінің иегері айтыскер ақын, Талғат Жұмабекұлы қазіргі айтыстың қызығы мен қиындығы жайлы айтып өтсе, Жансая Мусина ақындар мектебіндегі «Ақындық өнер» үйірмесінің мұғалімі Айдана Мэлсқызы шәкірт тәрбиелеу жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, шәкірттерінің бағындырған белестері жайында әңгімелеп берді. Шәкірті Бекзат Баян айтыс өнерінің 65 жылдығына арнау айтып кешті әдемі қорытындылады. «Айтыс – халық қазынасы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Пікір үстеу